Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы кино түсіріледі
«Қазақфильм» Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі жайында «Капитан Байтасов» атты кино түсіреді.
Бұл туралы бүгін киностудияның маусымашарында белгілі болды. Шара Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орай биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы жылы «Шырмауық» және «Соңғы парыз» картиналары қолға алынады. «Здравствуй, добрый человек» деректі фильмі де таспаланады. Бұл туындылар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсіріледі. Инвесторлардың қаржысына «Жабайы», «Болмаған балалық шақ» сынды бес фильмді жарыққа шығару жоспарлап отыр.
Азамат Сатыбалды, Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясының президенті:
- Жыл сайын осы күні маусымашар жасасақ деген ойымыз бар. Соны дәстүрге енгізгіміз келеді. Сол үшін бүгін бастап отырмыз. Мақсат жай ғана датаны атап өту емес. Көрермен бізден не күтеді, қандай кинолар болашақта түсіріледі, қандай жобалар болады? Соның барлығын көрермен қазір біліп отыруы үшін біз арнайы осындай маусымашар жасап отырмыз.