Абай облысы Ақсуат ауданында мәдениет үйінің саны көбейіп келеді
Жақында Екпін ауылында 150 орындық өнер ордасы пайдалануға берілді.
Алайда өңірде мәдениет нысаны жоқ ауылдар әлі де бар. Мәселе қашан шешімін табады?
Аудан орталығындағы мәдениет үйінде қашанда қарбалас. Ақсуат халық театрының әртістері жаңа қойылымға дайындық үстінде. Жылына бірнеше жаңа спектакль сахналау олар үшін қалыпты жағдайға айналған.
Қанат Жәкилин, Ақсуат халық театрының актері:
- Әр облыстарға шығып жатырмыз. Жетістіктеріміз көп. Өткенде ғана Ақтөбе қаласынан Ақсуат халық театрымен барып, жүлделі орынға ие болып қайттық. Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» деген жаңа қойылым. Өте тамаша болды. Ел риза болды. Және былтырғы жылдары Тараз қаласына жаңағы Әлихан Мағзұмов атындағы «Сұлу саз» ән-би ансамблімен барып қайттық.
Бұл «Сұлусаз» халықтық-фольклорлық ансамблі. Екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен Ақсуаттағы мәдениет үйінде бірнеше ұжым еңбек етеді. Былтыр өнер ордасы заманауи құрылғылармен жабдықталыпты. «Жаңа дүниелер бізге жаңаша көңіл күй сыйлады. Жұмысымызға шабыт берді» дейді мәдениет үйіндегілер.
Қарлығаш Орынбекова, Ақсуат мәдениет үйі директорының орынбасары:
- Сахналық шымылдық пен орындық, музыкалық аппаратуралар. Заманауи үлгідегі лед экранмен жабдықталып жатыр. Және де бізде «Ару ана» әжелер ансамблі бар. Соған киім, әртістерге киім тігіліп жатыр. Сондай-ақ біздегі ауылдық Мәдениет үйлері. 2010 жылы суға кеткен Жәнтікей ауылына жаңадан салынып жатыр Мәдениет үйі.
Ақсуат ауданында өткен жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында екі Мәдениет үйінің құрылысы басталған. Екпін ауылында 150 орындық Мәдениет үйі бой көтерді.
Қайырлы Хасенов, құрылыс компаниясының жетекшісі:
- Бұл Мәдениет үйінің ішінде кітапхана, ақсақалдар алқасының отыратын орны және де би залдары, гримерныйлар, содан кейін домбыра үйірмесі, соның бәрі бұл жерде қарастырылған. Мұның тоғы, суы, өзінің жеке транформаторы бар. Өзінің жеке қазандығы бар.
Тура осындай Мәдениет үйі Жәнтікей ауылында да салынып жатыр. Екі нысан да алдағы уақытта мемлекеттің қарамағына беріледі.
Жамбыл Жұманбаев, Жәнтікей ауылының тұрғыны:
- Бізге мәдениет үйі ерекше қажет. Бізден Советжан Түсіпов сияқты әнші-композитор, сазгер шыққан. Бұл Советжан Түсіпов мына Ақсуаттың Шәмшісі аталған адам. Шәмші Қалдаяқов өзі таңғалған. Сондай тұлғалар шыққан сәнді, әнді ауыл бұл.
Ауданда онға жуық мәдениет үйі бар. Былтыр осы нысандарды жаңғыртуға аудандық бюджеттен 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда өңірде Мәдениет үйіне зәру ауылдар да жоқ емес. Түйткілдің түйінін тарқату үшін 2025 жылы тағы екі өнер ордасының құрылысы басталады.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов