Тұскиіз жинайтын француз
Франциядан келген келіншек тұскиіз жинап жүр. Ал сіз ше? Сіздің үйіңізде тұскиіз бар ма? Текемет, сырмақ ше?
Қазақтың қолөнер дүниелерін ескі көздер білгенмен бүгінгі ұрпақ музей мен көрмелерден ғана көріп жүр.
Осы бір ескі көз – ертеден жеткен дүниелерді біраз қазақ ұмыта бастағанмен, франция азаматы Наталья Кривецтің үйінде бірнешеуі тұр. Әрине оның қызын ұзатуға жинап отырмағаны белгілі. Сондағы мақсаты не?
Наталья Кривец – Қазақстанда туып өскен. Кейін француз азаматына тұрмысқа шығып, Францияға көшкен. Талай жыл шетелде тұрып, Алматыға бір келгенде тұскиізге көзі түседі. Содан бері көне дүниелерге қызығушылығы артып, төл өнерімізді зерттеп, жинақтап жүр. Қазір жұмыс бабымен Астанада тұратын Натальяның үйінде тұскиіздің 20 түрі бар.
Наталья Кривец, тұскиіз коллекционері:
- Тұскиіздің ою-өрнегіне, бедеріне қарап, екі түрлі хабарды аңғаруға болады. Алғашқысы – «қорған» мәні. Жас жұбайлардың отауына арналып, оларды бәле-жаладан, тіл-көзден сақтасын деген ырым болған. Ал екінші мағынасы – қолөнерші ананың тілегі. Жас отау берекелі, дәулетті, үбірлі-шүбірлі болсын деген ниет.
Терең мағынасы, қайталанбас стилистикасы бар тұскиіздерді Наталья Елорданың біраз көрмелерінде жұртшылыққа көрсеткен. Алда осы дүниелерді зерттей түссем, оның тарихына қанығып, одан әрі шетелдіктерге де таныстырсам деген арманы бар.
Наталья Кривец, тұскиіз коллекционері:
- Дәл қазір қазақтың тұскиізін шетелде таныстыру жағын ойластырып жатырмын. Себебі Қазақстанның тоқыма-тігін өнері шетелдік аудиторияға әлі де таңсық. Әсіресе Францияның атақты Лувр мұражайындағы көрмеден орын тапса деймін. Бұл жағын Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапары кезінде Президент Тоқаев та айтып қалды. Бұны өзімнен бұрын дәл осы тұскиіз өнерінің мәртебесі үшін қуанышты жаңалық деп санар едім.
Тұскиіз ертеде керегені жауып тұрса, келе-келе оның матадан тігілген түрлері де пайда болған. Тек қазір музейден болмаса бүгінгінің үйлерінен көре қоймайсыз. Есесіне Наталья Кривец секілді өнерге жанашыр жандар жинап, көзінің қарашығындай сақтап жүр.
Ердана Ержанұлы, Мұрат Әріпханов, Айдос Амангелдиев, 24.KZ