Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс сапарымен Қытайға барды, деп хабарлайды 24KZ.

Ол көрші елдегі әріптесі Сунь Елимен кездесіп, қазақ-қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар министр елдегі ірі медиа саланың жетекшілері және театр басшыларымен жүздесіп, әріптестік орнату бағытында бірқатар келісімге келді.

Биыл Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин екі елге теңдей мәдени орталықтарын құру туралы келісімге келген болатын. Бұл көршілес елдер арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы ортақ мүдде мен көзқарасты білдіреді. Министр Аида Балаева ҚХР Мәдениет және туризм министрімен кездесіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Орталық жұмысы негізінен музей ісі, кітапхана, кино өнері, музыка және тіл үйретуге бағытталады деп жоспарланып отыр. Іссапар барысында тұжырымдамасын әзірлеп, ғимарат таңдау, ұйымдастыру мәселелері пысықталды.

Сунь Ели, ҚХР Мәдениет және туризм министрі:

- Қытай мен Қазақстан – ұзақ уақыттан бері стратегиялық әріптес әрі тығыз байланыс орнатқан елдер. Бұл кездесудің көршілес екі ел арасындағы татулықты нығайтып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда маңызы зор деп білемін. Орталықты тездетіп ашуға күш саламыз және оған біздің тараптан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.

Министрлер қос ведомствоның байланысын арттырып, бірлескен жұмыстарды келісімдерге қол қою арқылы күшейте түсуге келісім жасады. Аида Балаева Қытайдан мұрағат материалдары мен мәдени мұраларды қайтарудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларды қалыпқа келтіру, кинематография саласына оқу гранттарын бөлу мәселесін тілге тиек етті. Театр және концерттік ұжымдар арасында гастрольдер мен көрмелер, классикалық әдеби туындыларды өзара аудару сияқты жобалар талқыланды.

Сондай-ақ Қазақстандық делегация Қытай Халық Республикасының радио және теледидар жөніндегі мемлекеттік басқарма басшысы Цао Шуминмен кездесті. Министр көркем, анимациялық және деректі фильмдерді Қытай телеарналарынан көрсетуді ұсынды.

Цао Шумин, ҚХР мемлекеттік радио және теледидар жөніндегі басқарма басшысы:

- Екі ел басшыларының достық қарым-қатынасының арқасында қазақ-қытай ынтымақтастығы барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Бұған дейін екі тараптың телеарналарында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Енді жаңа форматта контент жасауға күш салуымыз қажет. Шағын сериалдар, роликтер әзірлеп тарату, жұртшылыққа көрсету маңызды.

Енді қазақстандық мәдениет қайраткерлері мен өнерпаздары Қытайдың үздік шоу бағдарламаларына қатысуы мүмкін. Министр кездесу барысында осыған ерекше басымдық берді. Сондай-ақ «Global China Media Corporation» медиакорпорациясының бас директоры Шэнь Хайсюньмен кездесу болды. Қытайлық тарап екі елдің мәдени мұрасы мен құндылықтарын насихаттауға бағытталған деректі фильмдер түсіруді ұсынды.

Шэнь Хайсюнь, Global China Media Corporation медиакорпорациясының бас директоры:

- Екі елдің де мәдени нысандары мен көрікті жерлері туралы бірлескен сериалдар мен роликтер түсірсек. Бұл мәдени мұралар мен құндылықтарды таныта түсуге мүмкіндік береді. Түсіріп қана қоймай, жариялап, отандық телеарналар арқылы көрсетуге болады. Осы жөнінде келісім жасауға дайынбыз.

Наурыз мерекесі қарсаңында Қытай радиоларында қазақ күйлері орындалады. Бұдан кейін министр Қытайдың Ұлттар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэмен кездесті. Алғаш рет көпұлтты «Бірлік» ән-би ансамблінің құрылғандығы туралы тарихи жаңалықпен бөлісіп, жаңа ұжымның Қытайда тәжірибе алмасу бойынша келісімге келді. Ал сапар Үлкен театр директоры Ван Нинмен кездесумен қорытындыланды. Тараптар екі елдің театр өнерін дамыту жайын талқылады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы.