«Мәңгілік бала бейне» қайта оралды
«Жастар» теартының ашылғанына 16 жыл болса, 10 жылдан бері ұжым Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын үзбей қойып келеді.
Ал кешегі қойылымды мерейтойлық қойылым деуге әбден болады.
Театр қоржынын байытқан қойылым
«Асауға тұсау». Уильям Шекспирдің атақты комедиясы елордадағы «Жастар» театрында қойылды. 10 жыл бойы үзілмей сахналанып келе жатқан қойылым көпшілікті еш жалықтырған емес. Өткір әзіл, жарасымды қалжың арқылы көрерменін күлдіре отырып, мұңға батырады. Театр олжасына баланатын бірегей туындыны қазақшалаған көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов болатын. Бұл жолы оны сахна тілінде сөйлеткен – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Кіршіксіз махаббатты жыр ететін қойылым 3 жыл қатарынан «Үздік спектакль» номинациясын иеленуі тегін емес.
Бақыт Қажыбай, «Жастар» театрының артисі:
- Енді бұл әлемдік классика ғой. Шекспир. Бұл жерде әр кейіпкердің рөлі анық-қанық жазылып, әлбетте, ойнау оңайырақ түсіп жатыр. «Жастар» театрында ең үздік қойылымдардың бірі. Бұл спектакльге көптеген көрермен әрқашан оң бағасын беріп жатады.
«Әдебиет – ұлттың жаны»
Халықаралық жазушылар күніне орай Түркістанда «Әдебиет – ұлттың жаны» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Өңірге танымал ақын-жазушылар бүгінгі әдебиеттің дамуы, тақырып таңдау, жастардың әдебиетке көзқарасы және кітап шығарудың қиындығын талқылады. Бір қуантарлығы, бүгінгі күні отандық әдебиеттің бәсекеге қабілеттігі артып, жаңа бағытта дамып келеді. Биыл жергілікті биліктің қолдауымен 5 ақынның кітабы жарыққа шығады. Жалпы өңірде 40-қа жуық ақын-жазушы бар. Олар облыс әкімдігінен Түркістаннан «Қаламгерлер үйін» салып берсе деген тілектерін жеткізді. Себебі соңғы 5 жылда облыста талантты жастардың шоғыры қалыптасқан.
Айдар Сейдазым, ҚР Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі:
- Түркістандағы ЖОО бітірген өзге өңірлерден келген таланттар осы жерге тұрақтап қалды. Жаңа үй алып жатқаны, жұмысқа тұрып жатқаны бар. Солардың қаншама дүниелері жарыққа шығып жатыр. Түркістанның дамуы, түлеуі, жаңаруы – бәрі өлеңге арқау болып жатыр. Мысалы, алдағы уақытта Түркістан ақын-жазушыларының 5 жылдыққа орай антологиясы шықса деген ниетіміз бар. Қаржы бөлініп жататын болса, ақын-жазушылардың жиынтық кітабы шыққалы отыр.
Көшпенділер музыкасы әуеледі
Тhe nomads’ fire. Астанада өткен көшпенділердің замануи музыка кеші осылай аталды. Этно-фанк және этно-рок аралас далалық әуендер келушілерге соны сезім сыйлап, шабыттандырды. Концертте сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының туындылары мен төл музыканың інжу-маржандары «Айқарагөз», «Екеуің-ай», «Қара ай көзім» әндері шырқалады. «ALEM», «Сарыарқа» ансамбльдері мен эстрадалық-симфониялық оркестр ұжымы да кеш көрігін қыздырды.
Тоғжан Жахин, композитор:
- Бұл концерттің өзектілігі – қазіргі заманға сай біздің аспаптарымызды насихаттау. 18 бен 35 аралығындағы көрермен біздің концерттерімізге келе бермейді. Ретроға да, басқа да концерттерге. Күйлердің концертіне. Халық әндерін насихаттау үшін біз осындай жоба жасадық.
Жаңарған қойылым
Ал әкем театрда Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы сахналанды. Қойылым Семей ядролық полигонының зардабын бастан кешіп, аман қалған халықтың тіршілігін баяндайды. Қарауыл атты аядай ауылдағы өмірдің ащы шындығы мен мүгедек қыз Ляйланың тағдыры әңгімеленеді. Режиссер Болат Атабаев көз тірісінде қойған бірегей спектакль осылайша қайта қалпына келтіріліп, көрерменге жол тартып отыр.
Суретші Сейсенхан Маханбеттің жеке көрмесі ашылды
Елордада суретші Сейсенхан Маханбеттің «Табиғатпен үндесу» атты жеке көрмесі ашылды. Қылқалам шебері ел назарына 60-там астам картинасын ұсынған. Іс-шара қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы мен көрнекті суретші Орал Таңсықбаевтың құрметіне арналды. Сейсенхан Маханбет шығармашылығының өзегі – туған жер. Сондай-ақ ол әсем табиғатты шабыттана салады. Көрме наурыздың 15-іне дейін ашық болады.