Дубайда домбыраны күмбірлеткісі келетін қазақ саны артып келеді

Дубайда екі ай бұрын домбыра үйрету академиясы ашылған еді.

Қазір осы шағын мектепке келіп ұлттық аспапты меңгеріп жатқан қазақ диаспорасының өкілдері көбейген. Ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, қасиетті аспапты үйренуге ден қойған қандастарымызбен Бибігүл Нысанбаева дидарласып қайтты.

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- Біз қазір Дубайдағы домбыра академиясында тұрмыз. Бұл жерге балалар аптасына екі рет келіп, ұлттық аспапта ойнауды үйренеді.

Бұл әмірліктерде ашылған алғашқы домбыра сыныбы. Академияның негізін қалап, музыкалық аспапта ойнауды үйрететін ұстаз Асылбек Еңсепов. Талантты домбырашыдан тәлім алуға мүмкіндік туғанына балалар да, ата-аналар дән риза.

Еркебұлан Тәуекел, Дубай қаласының тұрғыны:

- Әкем кезінде өте жақсы ойнаған домбыраны, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деп, біздің ұлттық аспап болғаннан кейін қызымыз үйренсін, ұмытпасын деп сондай оймен бердік. Екі күйді үйренді осы екі айда.

Сазгер балаларға қандай туындыны үйрету керектігін олардың сол музыканы қабылдауына қарай таңдап отырады. Бірақ ұлттық аспапқа деген сүйіспеншілік пен бар ынта-жігерлерін қою арқасында қысқа уақыттың ішінде қос ішекте ойнауды үйреніп алған жеткіншектер көп.

Арайлым Убинаминова, Дубай қаласының тұрғыны:

- Бір айда екі күй үрендім, Жастар биі және Ерке сылқым. Шетелде жүрген кезде ұлттық дәстүрді, ұлттық құндылықтарды ерекше бағалап бастайсың. Сол үшін де үйренуді қолға алдым.

Асылбек Еңсепов, күйші-домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Қазақ бауырлар, отандастырымыз осында тұрғаннан кейін көп ұсыныстар түсті. Осы домбырамызды насихаттап жалғыз біздің қазақ елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де домбырамызды бүкіл әлем ойнауы керек. Осы мұра үшін ата бабаларымызға мың алғысымды айтқым келіп тұр. Алғыс айту күні құтты болсын.

Әмірліктерде тұратын қазақтар тек домбыраны ғана дәріптеп қоймай, ұлттың салт-дәстүрімізді сақтап, насихаттауға көп мән береді. Әсіресе 200-ден астам ұлт мекендейтін ортада қазақтың қандай халық екенін көрсету, ұлттың құндылығы мен мұрасын паш ету жаупкершілігі мол іс екенін түсінеді.

Рауан Қыдырбекқызы, Дубай қаласының тұрғыны:

- Ата бабамызға мың алғыс, осындай салт-дәстүрді бізге жеткізіп, біз де соны нақыштап жатырмыз басқа мемлекетте жүрсек те. Қазақ еліне, ата бабаларымызға рахмет, мың алғыс. Алғыс айту күні құтты болсын баршамызға.

Әлемнің қай қиырында жүрсе де әр қазақтың өткені мен жеткенін бай­ыптауына бағдар болар ұлттық сана екені белгілі. Ал ұлттық болмыс, ең алдымен, халқымыздың мәдениеті мен тарихын терең біліп, түсіну арқылы қалыптасатыны аян. Оны келер ұрпақтың бойына сіңіріп, әлемге танытып отыру әр қазақтың парызы болса керек. 

Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш