«Үміт. Өмір үшін күрес» кітабы жарыққа шықты
«Үміт. Өмір үшін күрес». Астанада журналист, публицист Марғұлан Ақанның онкология тақырыбында қалам тартқан кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Автор 2018 жылы анасына осы диагноз қойылған кезден бастап күйзеліс, қаржылық ауыртпашылық пен өшпейтін үміт арасындағы арпалысын жазған. Анасына деген махаббаты мен табандылық турасындағы туындының әр қарпі шынайы өмірден алынғанын айтады. Қазақ қоғамында обырға қатысты мотивациялық әдебиет жоқтың қасы, – дейді ол. Сондықтан дертпен бетпе-бет келген жанның туған-туысы білуге тиіс терминдер мен эмоциялық дағдарыстың кезеңдерін түсіндіруді жөн көрген.
Автор роман жанрындағы кітабын 7 айда жазып шықты. Бұл – Марғұлан Ақанның жарық көрген екінші кітабы.
Марғұлан Ақан, «Үміт. Өмір үшін күрес» кітабының авторы:
- Жыл сайын 40 мың адамға дейін осы дертпен ауырады, солардың 13-14 мыңы қайтыс болады. Біз – үшін бұл үлкен сан, негізінде. Осы кітапты оқыған адам алдын алса деймін. Скринингтен өтсе, «чекап» жасаса, осы кітап осыған әсер етсе, ол кітап ағайын-туыстарының уақытылы емделуіне, қаралуына, ертерек әрекет етуіне ықпал етсе екен деймін. Себебі біздегі көп жағдай кешігіп келеміз. Ертең осы кітап бір адамның емделіп кетуіне немесе ауырып жатқан кезінде алдын алуға көмектессе, мен миссиямды орындадым деп ойлаймын.