Түркістанда «Домалақ ана» операсы сахналанды

«Домалақ ана» операсын естулерің бар шығар. 3 жыл бұрын Шымкент опера және балет театры сахнасында шымылдығы түрілген болатын. Дәл сол қойылымды күні кеше Түркістан жұртшылығы да тамашалап қайтты.

Тасқын Жармұқаметтің бұл туындысы қайран біздің қазақ әйелдерінің даналығын, батылдығын дәріптейді. Ел мәдениетін көтеретін бәсі биік қойылым.

«Домалақ ана» операсы сахналанды  

«Домалақ ана» операсы Түркістанда алғаш рет сахналанды. Шымкент опера және балет театры осылайша көпшілікке тарту жасады. Қойылымның композиторы – Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Туынды ел арасында ақылымен танылған Нұриланың «Домалақ ана» атануын баяндайды. Бәйдібек бабамыздың махаббаты, қазақтың дәстүрі мен тұрмысы суреттеледі. 3 жыл бұрын шымылдығы түрілген қойылым театр қоржынына олжа болып қосылды. Бәсі биік шығарманы Түркістан жұртшылығы жылы қабылдады.

Майра Мұхамедқызы, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

- Әр қазақ өз тарихын білуі тиіс. Әрине, аналардың ішіндегі ең қасиеттісі, ұлттық дәстүрге толы, мұрасы, қазақ дәстүрінің бүкіл болмысында бар дүниелер Домалақ ананың келбетінде бар. Сондықтан жас буын өз тарихын біліп өсуі керек. Шынымен осы өңірде болған. Бәйдібек атамыздың батырлығы, Домалақ ананың даналығы, соның бәрін ұрпақ білуі керек.

 

Жаңа комедияның тұсауы кесілді  

Түркістан облысындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театр әртістері көрермендерін тың туындымен қуантты. 55 жылдық тарихы бар өнер ордасында «Құдайы қонақ» деп аталатын комедияның тұсауы кесілді. Қойылым байлықтың мысы басып, пендешілікке ұрынған адамдарды әжуалайды. Комедия авторы әрі қоюшы режиссері Ғалымжан Қаппаровтың айтуынша, туындыдағы барлық оқиға өмірден алынған. Ол сонысымен құнды әрі қызық.

 

Ақынның кеші өтті

Астанада белгілі мәдениет қайраткері, ақын-жазушы Есенгелді Сүйіновтің шығармашылық кеші өтті. «Жайнай бер, туған елім!» деп аталатын шарада қаламгердің шығармалары жатқа айтылып, өмір жолы ұлықталды. Ата салтқа сай иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Есенгелді Сүйінов кіндік қаны тамған әйгілі Көкше жерін жырына арқау еткен. Қаламгердің «Күңгіртау құпиясы», «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң» сынды бірқатар кітаптары жарық көрді. Еңбек жолын Қазақ радиосынан бастаған ол «Халық кеңесі», «Жас алаш», «Дала мен қала» газеттеріне де қызмет етті. «Ақындық қырынан бөлек, адами келбеті де көпке үлгі», – дейді замандастары.

Ораз Қауғабай, жазушы:

- Есенгелдінің бір жақсы қасиеті, уәде бергеннен кейін орындайды. Ең үлкен, жақсы қасиетінің бірі. Сосын жүріс-тұрысының бәрі – ол тәрбие. Жүріс-тұрысының бәрі – өнеге. Тұлғалар арқылы тәрбиелеу керек дейміз. Мінекей, көзі тірі тұлғаның бірі – Есенгелді.

 

Ескі де есті әндер кеші  

Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияда ретро-әндер кеші өтті. Өткен ғасырдың ескірмейтін әуендері үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен классикалық вокал және эстрада әншілерінің орындауында шырқалды. Оның ішінде қазақ вальсінің патшасы Шәмші Қалдаяқов пен Александр Зацепин секілді көрнекті орыс сазгерлерінің туындылары бар. Уақытпен бірге жасасып келе жатқан бұл шығармалар тыңдарман жүрегін әркез ғаламат күйге бөлейді.