Жезқазғанда ұлттық киімдер көрмесі өтіп жатыр
Жезқазғанда ұлттық киімдерді ұлықтаған көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бір айға жалғасатын шараға өңірдегі ең үздік қолөнер шеберлері шақырылған. Олардың қолынан шыққан дүниелер ежелгі қазақтар киген киімдердің үлгісімен тігілген. Арасында ескі үлгіні заман ағымына қарай өзгерткен шеберлердің де еңбегі қойылған.
Қазақ қашан да киімді талғаммен киген. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Жас қыз бен бойжеткеннің көйлектері, келіншек пен кейуананың киім үлгілері бір-бірінен өзгеше. Көрменің ашылуы салтанатында киімдердің өзіне тән ерекше тігісі, ою-өрнегі түсіндірілді. Қолөнер шеберлері қолынан шыққан киімдердің жасалу жолдарын айтып берді. Жәйремдік шебер Жаңыл Худас әйел адамдарға арналған аяқкиім үлгісін әкелген. Ұлтарағы қойдың терісінен ойылып, таза былғарыдан тігілген аяқкиімнің сырт пішіні мәсіге ұқсас.
Жаңыл Худас, қолөнер шебері:
- Балаларымызға айтамыз ғой, табандарыңнан сыз өтпесін деп. Сол үшін мынау табаннан сыз өтпейді. Малдың терісі, міне. Енді осыны әрі қарай дамытып, бренд жасап, етік бастасам ба дегем.
Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақы киімдерді той-томалақ пен Наурыз мейрамында не болмаса мерекелік кештерде ғана іздейтін болдық. Ал оны күнделікті кию үшін үлгісін жаңғыртқан абзал. Жастардың сұранысына қарай жаңарған сондай киім үлгілеріне де көрмеден орын берілді.
Балнұр Сламбекқызы, тігінші:
- Ерте дәуірден келе жатқан қазағымыздың сарымайдай тарихынан алып, қазіргі заманауи стильмен ұштастыра отырып, осындай киімдер шығарып жатқан жайымыз бар. Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті тарихымызды дәріптеп киіп жүруге өте әдемі деп ойлайм.
Ұлттық киімдерді насихаттап, оны көпшілік жадында жаңғыртуды көздеген шараның тағы бір мақсаты бар. Ол – еңбегі елеусіз қалып жататын қолөнер шеберлеріне қолдау таныту.
Зағира Калменова, тарихи-археологиялық музей директоры:
- Қолөнер шеберлерінің жұмыстарын насихаттау, дәріптеу және де таныстыру. Еңбек ол қолөнер шеберлерінікі. Кейбір қолөнершілердің жұмысы көрінбей қалады, сыртта қалады. Сондықтан бұл біздің жұмысымыздың басым бағыты болып тұр.
Қазақ халқының ұлттық болмысын айшықтайтын көрме бір айға жалғасады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева.