Әмина Өмірзақованың туғанына 105 жыл толды
Қазақ өнерінің анасы.
Бүгін Қазақстанның халық әртісі, кино және театр қайраткері Әмина Өмірзақованың туғанына 105 жыл. Ол қазақ киносында ана бейнесімен танылған талант иесі. 30-дан аса картинаға түсті. Ал, театрда 150-ге жуық бейнені сомдаған.
Кинотанушылардың айтуынша, актриса жанр таңдамаған. Кино мен театрда драма, комедия мен трагедияны қатар ойнаған. Оның кейіпкерлері сонысымен ерекше. Сонысымен халық жадында.
Әмина Өмірзақова «Тақиялы періште» фильмінен кейін Тайлақтың ғана емес бүкіл қазақ киносының анасы атанды. Ол сомдаған кейіпкерлер әлі қалың көрерменнің көз алдында. Жалықпай көре береді. Мәселен, «Тақиялы періштенің» экранға шыққанына биыл 56 жыл. «Оның құпиясы киноның шынайылығында, актерлардың қарапайымдылығында»,-дейді кинотанушы Гүлнара Әбікеева. Оның үстіне ол түскен картиналардың режисерлары да өз дәуірінің біртуар таланттары болды.
Гүлнара Әбікеева, кинотанушы:
- Әрине Шәкен Аймановқа да оңай түспеді. Бір жағынан сол кездегі қатаң кеңестік идеологияға бағынды. Десе де, өзіндік ұлттық бояуы қанық, қарапайым өмірді суреттеген керемет фильм түсіріп шықты. Тана ролі Өмірзақоваға дөп келді. Ана бейнесі, баласының бақыты үшін бәріне әзір екендігін шынайы көрсете білді. Бұл фильм 1968 жылы жарыққа шығып, тамаша көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызықты сюжетімен есте қалды.
Әмина Өмірзақованың кино әлеміндегі алғашқы қадамы «Абай әндері» фильмінен басталды. Фильм 1945 жылы түсірілген. «Картинаға түсуге талай сұлулар келген. Мен тіптен үміттенбегем. Солардың ішінен менің пұшық мұрным өтіп кетті»,-деп жазады естелігінде. Одан кейін тағы бірнеше киноға түседі. Ал 1963 жылы режиссер Александр Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмінде басты рольді сомдады. Ол кезде небәрі 26-да ғана еді. Картина Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, Бүкілодақтық кинофестивальде Өмірзақоваға «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы табысталады.
«Ана туралы аңыз» фильмінен үзінді
Әмина Өмірзақова қазақ театр сахнасына 70 жылға жуық ғұмырын арнады. 150-дей рөлді сомдады. 1949 жылдан бастап Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті.
Шолпан Сіргебаева, актриса:
- Ділданың зары деген спектакль алынды. Арнайы Әмина апама жазылып, соны қойған кезде Ділдәнің 80 жастағы үлкен кезі. Ділдәні ойнайды. Бүкіл Ділдәнің жас кезіндегі өмірін мен ойнадым. 1307 Сол кезде айтатыны бар апамның әй мен саған бекер пұшық деп айтқан жоқпын ғой. Екеуіміз бір-бірімізге ұқсағаннан кейін міне бір образды жасап жатырмыз деп күлетін.
Көрермен көзайымына айналған актриса 2006 жылдың қыркүйегінде көз жұмды. Осыдан бес жыл бұрын 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Оның қатысуымен түскен туындылар қазақ өнерінің алтын қорында сақтаулы.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев