Колумбия университетінде қазақ музыкасының кеші өтті
АҚШ-та «Шырмауық лигасы» деп аталатын маңдайалды 8 жоғары оқу орнынның қатарына кіретін Колумбия университетінде қазақ музыкасы кеші өтті.
Іс-шараны ұйымдастыруға аға оқытушы Кнар Абрахамян мұрындық болыпты. Ол қазақ халық әндерін бес жылдан бері зерттеп жүр.
Жас ғалымның айтуынша, халық әндері әлі күнге кеңестік нұсқасында орындалып жүр. Яғни түпнұсқасы бұрмаланған күйі көрерменге ұсынылады.
Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінің» бастапқы түпнұсқасын Кнар Абрахамян көрерменге таныстырып жатыр. Ырғағы мен әуезі кеңестік нұсқадан өзгеше. Халық оны әлі күнге Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы «Жібек» ариясына икемдеген нұсқасы ретінде біледі. Қазақ музыкасын бес жылдан бері зерттеп жүрген ғалым кеңестік мәдениет осы секілді көптеген халық әндерінің операларына айтарлықтай кері әсер еткен дейді.
Кнар Абрахамян, Колумбия университетінің аға оқытушысы:
- Халық әндердің кеңестік опералық нұсқаларын біледі. Бірақ олар әндердің бастапқы күйінен қалай өзгергенін білмейді. Әрине, этнографиялық кітаптар болғанымен шын мәнінде ол орындалмай жатыр. Сондықтан көмескіленген толық нұсқасын жаңғыртып, таныстырса мәдени жадқа жақсы болар еді.
Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан музыкасын кеңестік идеология бұрмалағанын бұдан бұрын батыста мүлдем қарастырмаған дейді зерттеуші. Мәдени кешке жиналған америкалықтардың көбі қазақ домбырасының күмбірлеген қоңыр үнін алғаш рет естіп, қайран қалды.
Валентина Измирлиева, Харриман институтының директоры:
- Домбыра үнін бұған дейін ешқашан естіген емеспін. Бұл өте керемет. Мен музыкалық әралуандықты жақсы көремін. Кеңес Одағының елдің ұлттық музыкасын бұрмалағанын және оны қазақ халқына қарсы қару ретінде қолданғанын естіп, көңіліміз түсті. Дегенмен қазір ғалымдардың осы үрдістерді өзгертіп, музыканың шынайы мәнін қайтадан ашып жатқанына өте қуаныштымын.
Колумбия университетінің посткеңестік кеңістікті зерттейтін Харриман институты қазақ мәдениетін тануға байланысты тек ғылыми еңбектермен ғана шектеліп қалған жоқ. Мұнда қазақ тарихы мен саясатынан да дәрістер берілді. Ал енді қазақ тілін үйрететін курс ашу үшін белсенділер іздеуде. Іс-шараға «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары да қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Айжан Сыдықова