Ресейде Жамбылға арналған жыр кеші өтті
Ресейдің Екатеринбор қаласында қазақтың жампоз ақыны Жамбыл Жабаевқа арналған кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Оған жергілікті қандастарымыз, қала тұрғындары мен ұлттық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Ресейде Жамбыл Жабаевтың есімі көптеген қалаларда сақталған. Санкт-Петербургте биіктігі 4 метр ескерткіш орнатылған. Жамбыл көшелері Ижевск, Волгоград, Иркутск, Кемерово, Курган, Новосибирск, Хабаровск, Красноярск қалаларында бар. Ақының құрметіне ресейлік селекционерлер жұпаргүлдің жаңа бір түрін «Жамбыл» деп атады.
Ольга Калинина, Свердлов облыстық ұлтаралық кітапханасының директоры:
- Жамбыл – тек қазақ ақыны емес, әлем ақыны. Оның отты жырлары Ленинградты қоршау кезінде адамдарға рух берді, тіпті әр отбасы өлеңдерін үйінің төріне іліп қоятын. Сондықтан оның рухына тағзым ету – парызымыз.
Кеш барысында түрлі ұлт өкілдері Жамбылдың жырларын түрік, әзербайжан, француз, орыс тілдерінде оқыды. Сонымен қатар ақынға арналған көрме ашылды.
Бақытжан Тасмағанбетов, тарихшы:
- Жамбыл Жабаевтың шығармашылық еңбектерін осы Орал өңіріндегі көпұлтты халық өте қадірлейді, кітапханалардан іздеп жүріп оқып жатады. Жамбыл Жабаев атамыздың патриоттық саладағы көптеген еңбектерін бүкіл біздің қазақ елі де, осы Орал өңіріндегі жастар да біліп жатыр.
Іс-шараға қатысушылар: «ақынның шығармашылығын жастар арасында жиі насихаттау керек», – деген пікірде.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.