Жазушы Ж.Шаштайұлының қазасы халықтың қабырғасын қайыстырды

Белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы 74 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Қаламгер халықаралық және республикалық басылым редакцияларында қызмет атқарды. Түрлі жанрдағы әдеби шығармалардың авторы. Оның еңбектері қалың оқырманның есінде.

80-жылдары жарық көрген "Қызыл қар" повесі Кеңес үкіметінің шымбайына батып, сынына ұшырады. Өйткені шығармада қазақ шопандарының қиын-қыстау кезеңі ашық жазылған. Туындының авторы Жұмабай Шаштайұлы еді. Ақиқатты жақтырмаған кеңес билігі повестің таралуына жол бермеді. Алайда араға ұзақ жыл салып, кітап қалың оқырманға қайта жол тартты.

 

Ұлықбек Есдәулет, ақын, Түркі әлемі жазушылар одағының төрағасы:

- Мен сонда 2 шығарма туралы ақтап-қорғап, сөйлеп, жазып беріп едім. Ол жарияланды. Соның біреуі осы Ж.Шаштайұлының "Қызыл қар" повесі болатын. Автордың жазықсыз жапа шегіп отырғанын, шығарманың қаралауға ұшырап отырғанын көрдік. Ол 34 жыл өткеннен кейін өзінің 70 жылдығы қарсаңында романға айналдырып жазып шықты. 

Осылайша ақиқат үшін ардан аттамаған Жұмабай Шаштайұлының қазақ әдебиеті мен журналистикасында қайталанбас қолтаңбасы қалды. Өзі қызмет атқарған басылым редакциялары мен қоғамдық ұйымдарда іні-қарындастарына оң бағыт-бағдар беріп, білген-түйгенін үйретуден жалықпайтын, дейді замандастары.

 

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын:

- "Қазақ әдебиеті" қара шаңырақтың, Жазушылар үйінің, қазақ қаламгерлерінің көзқуаныш газеті ғой. Сол газеттің өзін 9 жыл басқарды. Сол уақытта газетте қызмет жасаған жас журналист болып келіп, үлкен қарымды қаламгерге, жазушыға айналған қыз-жігіттердің барлығы "Ұстаз" деп жатыр. Ал шәкірттері ұлағатты ұстаздың, аңғал ағаның кеткенін айтып күңіренді.

Қанат Тілеухан:

- Қош, Жұмаға! Осы күннен қатты қорқып ек. Боздатып кеттіңіз ғой. Жамбыл атамыздың жасына жетесіз деуші ек. Әкемдей қамқор едіңіз. Әке деген сөзіңізден барлық махаббат пен мейірімді сезуші едік. Бақұл болыңыз, Ұстаз! 

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

- "Заман Қазақстан" газетін басқарды, "Жас Алашта" жұмыс істеді ертерек. "Социалистік Қазақстанда" жұмыс істеді. Сол үлкен журналистік жұмыстарының бәрінде де өзінің ерекше сергектігімен елін, Отанын ғажап сүйетін патриот ретінде біздің көз алдымызда тұрады. 

Қаламгердің қазасы қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 13 наурызда өзінің туған жері Алматы облысының Жамбыл ауылында өтеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады. 

Еркебұлан Смадияров, Артур Горшняков