Шымкентте ұмыт қалған әдет-ғұрыптар қайта жаңғырды. LIVE

Шымкентте ұлттық құндылықтар ұлықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Наурызды тойлаудың онкүндігі аясында ұмыт қалған әдет-ғұрыптар қайта жаңғырды. «Мәдениет және салт-дәстүр күнінде» музыкалық-театрландырылған қойылымдар арқылы ерекше форматта ұсынылып жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші

- Наурыз алаңында ұйымдастырылған іс-шара ұлттық сипат алды. Күн райы да қарасып, жиылған жұртқа жылулық сыйлап жатыр. Мерекелік көңіл күйді қызылды-жасылды оюмен өрнектелген ұлттық нақыштағы халықтың киімінен де аңғаруға болады. Ал шығармашылық ұжым «салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың» деген мәні терең ұғымды сахналық қойылыммен насихаттап жатыр.

Осылайша, адамның жарық дүниеге келген күнінен бастап, есейіп, ер жеткені, отбасын құрып, ұрпақ өрбітуі жолындағы жөн-жоралғы мен әдет-ғұрыптар сахналанып жатыр. Яғни, «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Құлақ тесу», «Бұрым өру»,  «Қызды оң босағаға шығару», «Қыз ұзату», «Беташар» сияқты ұлт құндылығын насихаттауға қаладағы барлық театр әртістері жұмылды. Дәстүрлі ән-күй де ұмыт қалған жоқ. Басты мақсат – бұл асыл қазынаның шығу тарихын танытып, тұпнұсқаға сай мән-мазмұнын дамыту, – дейді ұйымдастырушылар.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Осылайша, қоғамның дамуына байланысты бүгінге дейін жеткен мұра алдағы уақытта да өшпек емес. Ұлттық идеологияны насихаттауға арналған іс-шара да мұнымен шектелмейді. Наурызнаманың онкүндігі аясында ұлттық ойындар ұлықталып, этностильдегі киімдер дәріптеледі. Сонымен қатар ынтымақ, бірлік және татулықты ту еткен кең ауқымды мерекелік жоспар бар.