Алматылық дизайнерлер ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімін өткізді
Наурыздың сәні - ұлттық киім.
«Наурызнама» онкүндігі аясында бүгін Алматыда жас дизайнерлердің ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі өтті. Сән алаңына жастар ғана емес, ересек сәнқойлар тобы да шығып, заманға сай үйлесімді киімдерді паш етті.
Ұлттық киім үлгілері көрсетілімін Алматыдағы белсенді өмір орталығының әжелері «Парша» коллекциясымен ашты. Бұған дейін Италияның Милан қаласында таныстырылып, көптің көңілінен шыққан топтама бүгін де көз қуантты. Мерекелік үлгілер кимешекпен үйлестірілген.
Зина Ищанова, белсенді өмір орталығының бөлім жетекшісі:
- Бүгін енді «Парша» коллекциясын алып келдік. Ерекшелігі - бұл өте сәнді, өте жарық, әйел адамды ашады, сондықтан, әжелеріміз кимешегін киіп, күңдіктерін киіп, көрсетіп жатыр. Мен ойлаймын, біздің әжелеріміз аман болсын. Осындай сәнді киімдерді көрсете берсін.
«Қазақ мұрасы» коллекциясын таныстырған жас дизайнер Адия Хамидулла қазір химия мамандығы бойынша білім алуда. Дизайнерлік хоббиім, дейді ол. «Көктем», «Кесе», «Сандық» жұмыстары заманауи шешімдерімен көз тартады. Дизайнер әр үлгіде күнделікті көріп жүрген заттарға ерекше сипат берген. Соңғы уақытта жастардың этностильге қызығушылығы басым, - дейді ол. Ең бастысы, оны жарасымды кие білу.
Адия Хамидулла, жас дизайнер:
- Жастар қазір өте көп тапсырыс беруде. Болашақта этностильді одан әрі жоғары дамытуға бір себеп болар.
Ұлттық киімді дәріптеуді мақсат тұтқан шараға Темірбек Жүргенов атындағы өнер колледжінің, Алматы сән және дизайн, сондай-ақ Орал Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер колледждерінің жас дизайнерлері мен студенттері қатысты.
Ақан Әбдуәлі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры:
- Бір күнмен шектеліп қалмау керек сияқты. Біз өзіміздің ұлттық дүниелерімізді, болмысымызды, салтымызды дәстүрімізді, өзіміз құрметтейтін болсақ, өзгелер де құрметпен қарайды.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған шарада танымал дизайнерлер қатысушыларға шығармашылық бағыт-бағдар берді. Алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, конкурс ретінде ұйымдастыру жоспарда бар.
Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов