Астаналық шебер ағаштан түрлі бұйым жасайды
Қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрінің бірі – табақ тарту рәсімі.
Салтынан жаңылмаған халық қазір мейманына етті астаумен табыстайды. Ал оны шеберлер ерекше үлгіде жасауды трендке айналдырған.
Мәселен, астаналық Ермек Кәрім ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды әп-сәтте әзірлейді. Оның жасаған бұйымдарын азаматтар қолданып қана қоймай, сыйға да береді.
Тостаған, саптыаяқ, қымыз құятын күбі мен ет тартатын астаулар. Мұның бәрін Ермек Кәрім ағаштан жасайды. Бұйымдарын қазақтың ою-өрнегімен безендіреді. Бұл өнер оған атасынан дарыпты. Өзі суретші мамандығы бойынша білім алса да, «Ағашпен жұмыс істегенді жақсы көремін», – дейді.
Ермек Кәрім, ағаш шебері:
- Аталарымыз осы ағашпен үйдегі құрал-саймандарды, барлық қажеттіні қолымен жасап алатын. Соған қарап еліктеп, солай үйрендік қой негізі. Ою-өрнекпен жұмыс жасап жатқан себебіміз, өзіміздің қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптеу ретінде осы ағаш ыдыстар мен түрлі бұйымдарға кіргізіп отырмыз.
Көктемде күбіге тапсырыс көбейіп, соғым уақытында астау табаққа сұраныс артады екен. Жалпы шебер шикізатты алыстан іздеп әуре болмайды. Көкшетаудағы қалың орманда өсетін қайың ағашымен жұмыс істейді. Әгәрәки бұйым жасап болған соң ағаштан қалдық қалса, оны қоқысқа тастамай, пайдаға асырады.
Ермек Кәрім, ағаш шебері:
- Бұл қайың ағашынан, қалдық ағаштан жасалған балаларға арналған қылыштар. Осы қылыштарға ою-өрнектерді салып, осындай өте әдемі ойыншық жасап шығардық. Бір жағынан, үйге қойып қоюға да болады әдемілеп.
Ермек Кәрім мемлекеттік бағдарлама арқылы қомақты қаржы алып, шеберханасына қажетті құралдарды сатып алуды жоспарлап отыр. 10 жылдан астам уақыт осы бір кәсіппен айналысатын шебердің ендігі арманы – ұлттық бұйымдар сататын дүкен ашу.
Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Талап.