«Balashka» фильмі прокатқа шықты
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында режиссёр Данияр Саидкаримовтың «Балашка» кинофильмі үлкен экранға жол тартты.
Фильм ізгі құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттайды. «Хабар» агенттігі осынау көркем дүниенің ақпараттық серіктесі болып отыр.
Бүгінде, қазақы тәрбиенің бастау бұлағы саналатын ауылдан тамыр үзіп, ажырап бара жатқанымыз жасырын емес. Бала тәрбиесінде ата-әженің аялы алақанынан гөрі смартфонның ықпалы басым. Түсіру тобы осы олқылықтың орнын толтыру үшін тың тақырыпқа түрен салыпты.
Асқат Үрпеков, актёр:
- Бұл киноның қазаққа берері көп. Қазақ баласының тәрбиесіне, немере мен атаның ортасындағы тәрбие, бұл жерде көп нәрсе бар, қазақша ойындар, садақ ату болсын, ләңгі ойнау.
Сюжет желісі ауыл тіршілігінен бейхабар Аслан атты балақайдың ауылдағы демалысы мен басынан өткізген қызықты оқиғалары негізінде өрбиді. Оқиға барысында ол атасынан ауылдың тұрмыс-тіршілігі, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы көп нәрсе үйреніп, жаңа достар табады. Ауылдың тіршілігін алғаш рет көрген кішкентай актёр Жантөреге фильм процесінен гөрі, ауылдың қызықтары ұнапты.
Жантөре Мыңжасар, актёр:
- Мен итке тамақ бергенде сол маған ұнамады, өйткені ол жерде өте көп дубль болған. Ал ең ұнағаны ол қашан мен есекке отырдым. Өйткені есекке отырған ол күшті, ұнады, өйткені мен бұрын есекке отырған жоқпын.
«Балашка» кинокомедиясы балаларды табиғатты қорғауға, адам еңбегіне құрметпен қарауға үндейді, ізгілік пен адамгершілікке баулиды.
Қымбат Хангелдина, "Хабар" Агенттігі" АҚ Алматы филиалының директоры:
- Негізі қазіргі таңда балалардың тәрбиесі туралы айтылатын кинокартиналар аздың қасы. Сондықтан біздің агентттік сапалы әрі көркем дүниелерге көптеп көңіл бөледі. Бұл фильмді ата-аналарды өз балаларымен кинотеатрлардан көруге шақырамыз.
Бір жылға жуық дайындықпен түсірілген фильмде басты рольдерде Жантөре Мыңжасар, Досжан Жанботаев, Ерлан Пірімбетов, Асқат Үрпеков ойнайды. «Балашка» кинокомедиясын бүгінен тастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.
Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов