Туризм. Қытайлар Алматы облысына қызығып отыр

Биыл Қазақстанға қытайлық туристер ағылады. Көрші елдің жиһанкездеріне жағдай жасау арқылы, саяхат саласын дамытуға күш салынады.

Кеше Қытайда Қазақстан туризмі жылы ресми басталды. Салаға жауапты ведомство қызметкерлері, тәжірибелі мамандар, кәсіпкерлер мен ұлттық компаниялар өкілдері Бейжіңге жиналып, еліміздің туристік әлеуетін таныстырды. Бірқатар ынтымақтастыққа қол жеткізді.

Қытайда Қазақстан туризмі жылын бастау рәсімі 28-29 наурыз күндеріне жоспарланған. Ресми ашылудың алғашқы күні форумнан басталды.

Жиын ең алдымен екі тараптың ортақ мүдделерін тоғыстырып, келісім жасауға бағытталған. Бүгіннің өзінде қазақ-қытай кәсіпкерлері мен инвесторлары 14 құжатқа қол қойып, келісімге келді. Инвесторлардың дені Алматы облысына қызығушылық білдіріп отыр.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh tourism» АҚ ҰҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Қонақ үй салу, отель салу немесе туристік орындар салуға байланысты. Өйткені қытайдың өзінде бұл бағытта өзін жақсы жарнамалаған бірнеше компания бар. Олар біздің нарыққа келсе деген үміт бар. Бүгін біз форум барысында мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары бар сол туралы айттық.

Сонымен қатар іс-шараға елімізді әлемдік деңгейде танытып жүрген өнерпаздар, спортшылар, өнер ұжымдары, қолөнершілер тартылған. Қолдау білдірушілердің қатарында қазақтың атақты жиһангезі Сәрсенбай Қотырашев та бар. Ақсақалдың айтуынша туризм өркениетке, экономикаға, әсіресе елдер арасындағы достық байланысты нығайтуға ерекше ықпал етеді.

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

- Олардың мәдениетін, олардың дәстүрін көріп, танысып, араласып, сауда-саттық жүреді. Қарым-қатынас күшейеді. Соның арқасында мәдениетіміз, өнеріміз, ұлттық тауарымыз алмасуына ықпал етеді. Достық артады.

Қытай Халық Республикасы Қазақстанға келген туристер саны көп ТОП-3 елдің қатарына енді.

2023 жылы елімізге 200 мың қытайлық саяхатшы келсе, биыл көрсеткіш 300 мыңнан асады деп күтілуде. Мамандар бұған визасыз режим, тікелей әуе рейстерінің артуы ықпал ететініне сенімді. Қазіргі уақытта 6 бағытта 30-дан астам рейс қатынайды. Енді тағы үш әуе компаниясы рейстердің жиілігін арттырады.

Айта кету керек, биыл Қытайда туризм жылы аясында 35 ірі іс-шара өткізу жоспарда. Олар Үрімші, Сиань, Шеньжень сияқты мегаполистерде ұйымдастырылады. Ал ертең салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Руслан Бақытбекұлы, «24.KZ», Бейжің