Қаныштың домбырасын жасаған шебер
Жезқазғандық Өтеген Ахмет Қаныш Сәтбаевтың домбырасының көшірмелерін жасап жатыр.
Болашақ ғалым оны Томбы қаласында оқып жүргенде ұстаған. Қазір домбыраның түпнұсқасы сол жақтағы музейде тұр.
Шебер көшірменің бір данасын Баянауыл, екіншісін Жезқазған музейіне тапсырамын дейді.
Домбыра ән-жыр мектебіне қарай сан түрге бөлінеді. Студент Қаныштың жан серігі болған қара домбыраның сыртқы пішіні олардан сәл өзгеше. Үш буынды келген. Қолөнер шеберін көшірме жасауға жетелеген себептің бірі осы ерекшелік екен.
Домбыраның тарихы туралы нақты дерек жоқ. Қаныш Имантайұлы оны арнайы тапсырыспен жасатуы да мүмкін. Себебі, мұндай пішінді домбыра ел ішінде көп кездесе бермейді екен. Оның көшірмесін жасаудағы мақсатым – академиктің тойына тарту және ұлттық аспаптың сирек кездесетін түрін насихаттау дейді қолөнер шебері.
Өтеген Ахмет, қолөнер шебері:
- Біздің музейде Сәтбаевтың заттары бар. Сумкасы, галстугі, кітаптары бар. Бізде тек домбырасы ғана жоқ. Домбыраны негізгі қорға өткіземіз. Экспонат болып тұрады.
Домбыраның сүйегін әбден кепкен қарағайдан жонып жатыр. Қақпағын қайыңнан шапқан. «Үні жақсы шығуы тиіс», дейді шебер. Бір ай бұрын қолға алған жұмысты академиктің туған күніне дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Өтеген Ахмет, қолөнер шебері:
- Бітуге таядым. Негізі бітті десем де болады. Енді қалғаны бетін жауып, жан-жағын жонып, жіңішкерту, бояу. Күйдіріп, аздаған жұмыс істесем, кәдімгі ескі домбыра болып шыға келеді.
Жалпақ жұрт тұңғыш геолог ретінде танитын Қаныш Имантайұлы қазақ ән өнеріне де өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Томск политехникалық институтында оқып жүргенде шығыс мәдениетін зерттейтін үйірме ашқан. Оның орындауындағы 25 халық әні Александр Затаевичтің «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағына енген.
Зияш Ерзақова, музейдің аға ғылыми қызметкері:
- Қаныш Сәтбаевқа музыка өзінің ата-бабасынан келген дейді. Атасы – Сәтбай да, әкесі – Имантай да өнер десе ішкен асын жерге қоятын кісілер болған. Сол кездің өзінде ол кісілер қазақтың жырау жыршылары, Жаяу Мұса мен Естайдың әндерін тыңдап өскен. Кейінгі кезде Жаяу Мұсадан Қаныш Сәтбаев өзі тікелей үйренген екен.
Жақын күндері Қаныш Имантайұлының саналы ғұмырының 15 жылы өткен Қарсақбайдан туған жері Баянауылға экспедиция аттанады. Шебер домбыраның тағы бір көшірмесін соған дейін дайындап, мұражайға сый ретінде беріп жіберемін дейді.
Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, «24.KZ», Жезқазған.