Астаналық шебер батырлардың бейнесін қорғасыннан құяды

Астаналық Ернар Нұрмағамбетов қазақ батырларының бейнесін қорғасыннан құяды, деп хабарлайды 24KZ.

Шебер бұл кәсіппен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ернардың коллекциясындағы бес қаруы түгел қазақ батырларының мүсіншелерін сағаттап тамашалауға болады. Сонымен қатар коллекцияда ұлттық киім киген қазақ қыздарының мүсіншелерін де көресіз.

Ернар қорғасыннан батырлардың шағын мүсінін құюды 2005 жылы қолға алды. 7 жастағы ұлы ойыншық сарбаздар коллекциясын жинауға құмарта бастаған кезі еді. Сол шақта Ернарға қазақ батырларының да мүсіндерін жинау туралы ой келді. Баласын жетектеп, қала дүкендерін аралап шыққанымен, іздегенін таппады. Сөйтіп, Ернар батырлар мүсінін өз қолымен жасауға кірісті. Қазір шебердің коллекциясында 8 мың мүсін бар.

Ернар Нұрмағамбетов, шебер:

- Қазақ батырларының мүсіндерін маған дейін ешкім жасамаған және менің өзімді Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихы қызықтырды. Сол кездегі жауынгерлердің қаруы қандай болған, қандай шайқастарға қатысқан, осының бәрі ерекше қызығушылығымды туғызды. Бүгінге дейін мүсіндерімізді әлемнің 60-тан астам елінің өкілі сатып алды. Осылайша, еліміздің тарихы, мәдениеті мен дәстүрін танытуға үлес қосып жатырмын.

Ернардың қолынан шыққан шағын мүсіндер Чили, Эквадор, тіпті Мадагаскар мемлекетінде танымал. Сұраныс жоғары. Сондықтан шебер коллекциясын үнемі жаңартып отырады. Музейлерге, архивтер мен кітапханаларға жиі барады. Соның арқасында батырлардың қару-жарақтары, сауыт-сайманы тарихи тұрғыда дәлдікпен жасалады. Алдымен батырдың бейнесін қағазға түсіреді. Кейін оны әлемге есімі белгілі мүсіншілерге жібереді. Олар мүсіннің моделін жасап береді. Ернар сол модельге сәйкес мүсінді қорғасын немесе қалайыдан құяды.

Серік Абдрахманов, ҚР Ұлттық музейі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері:

- Қазір Алтын Орда, Жошы ұлысы дәуіріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Биыл Ұлыстың 800 жылдығын атап өтеміз. Қазақ хандарының барлығы осы Жошыдан тарайды. Жоңғарларға, басқа да хандықтарға қарсы ұлт-азаттық күресін зерделеуде бұл мүсіншелердің орны ерекше. Алдағы уақытта бұл бұйымдар тек Астана емес, еліміздің басқа да музейлерінде қолданылады деген сенімдемін.

Қазір мүсінші батырлармен қатар Рим империясы, самурайлар мен түрік жауынгерлерінің де мүсіндерін құяды. Заманауи әскерді де назардан тыс қалдырған емес. Жақында қазақстандық жауынгердің мүсіндерін құйып шықты. Демек орта ғасырлардан бастау алып, бүгінгі Қарулы Күштерді қамтыған Ернардың коллекциясы әлі де көбейе бермек.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Сәния Көпжасарова, Мерей Талап.