2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні
Бұл мереке 1956 жылдан бері аталып өтіп келеді. Атаулы күнге орай Семейде бірқатар шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Балалар Абай атындағы кітапханадағы тегін үйірмелерге қатысып, сурет көрмесін тамашалады.
Семейлік оқушылар осы күні кітапханаға келуді дәстүрге айналдырған. Олар көрмені тамашалаумен ғана шектелмейді. Түрлі үйірмеге қатысады. Кітапханадағы робот техникасы зертханасына алғаш болып жазылғандардың бірі – Бота Бүркітова. Ол әр сабақты қалт жібермеуге тырысады. 4-сынып оқушысы аз уақытта бірнеше робот құрастырып үлгеріпті.
Бота Бүркітова, оқушы:
- Мен қазір ән айтатын түрлі-түсті робот құрастырып жатырмын. Бұған дейін робот жасау қиын болатын. Үйірмеге келгелі көп нәрсе үйрендім.
Бұл үйірмеде 6 топ бар. Балалар мұнда аптасына екі рет келеді.
Любовь Ивлева, үйірме жетекшісі:
- Робот техникасы кабинетіне 7-14 жас аралығындағы балалар келеді. «Лего спайк» деген қолданбамен жұмыс істейміз. Өз арамызда жарыс та ұйымдастырамыз. Үйірмеге жазылғысы келетін оқушылардың саны көп.
Қазір кітапханада балаларға арналған үйірме саны көбейген. Жақында 2 қоғамдық қордың демеушілігімен 3 бөлме ашылды. Балалар бөлімі толық жаңартылды.
Мерей Қарт, Абай атындағы облыстық кітапхана директоры:
- Балалар әдебиет бөлімі жаңғыртылып, заманға сәй безендіріліп, әртүрлі жабдықтармен, технологиялармен жабдықталып жатыр. Робот техникасы бөлімі ашылып жатыр. Бұл қаламызда тұңғыш рет және балаларға, оқушыларға тегін сабақтар жүргізеді. Одан кейін балалардың кітап оқудан басқа өздерін дамытуға арналған түрлі алаңдар ашылып жатыр.
Толқын Берікболова, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:
- Абай кітапханасында электронды форматта кітаптар шығарылған. Балаларға арналған әдебиеттердің арнайы тізімі жасалды. Сол тізім бойынша сирек кітаптарды электронды форматқа көшіріп, сканерленген нұсқаларын ауылдық кітапханаларға жібердік. Балалар сол арқылы өздерінің ұялы телефондарына жүктеу арқылы да оқи алады.
Бүгінде облыста 137 кітапхана бар. 14 коворкинг орталық жұмыс істейді. Оның 11-і ауылда орналасқан.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.