Қызылордалықтар Абайдан қалған жәдігерлермен таныса алады
Қызылордада «Адамзаттың Абайы» атты көрме ашылды. Көрмені «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы ұйымдастырды.
Онда ұлы ақынның досы Нифонт Долгополов 1885 жылы тапсырған заттары қойылған.
«Тұмар» атты домбырасы мен сыбызғысы да бар. Мұнан бөлек, 1909 жылы Абайдың алғаш жарыққа шыққан өлеңдер жинағы жұртшылық назарын аударды.
Хәкімнің қолының табы қалған тері торсық, ағаш құты, қымыз піспек секілді тұрмыстық заттар тарихи құнды жәдігерлер қатарын толықтырды.
Абайдың Ұлы Отан соғысына қатысқан ұрпақтарының хаттарын да осы жерден көруге болады дейді ұйымдастырушылар.
Сапар Көзейбаев, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Қазіргі таңда мектеп оқушылары, сонымен қатар студенттер, мұғалімдер келіп, осы көрмені тамашалап жатыр. Қызылорда облысында негізінен Абайдың музейі бірінші рет көрме ұйымдастырған. Бұл жәдігерлердің барлығы жалпы ағайын, туған-туысқандары, Абайдың тікелей ұрпақтары осы музейге өткізгендігі туралы айтылды.