Болгарияда қазақтың төл музыкасы дәріптелді
Болгарияда қазақтың қара домбырасы күмбірлеп, жыршылар әннен шашу шашты.
София қаласында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының әртістері өнер көрсетті. Біржан Айтахметов, Ардақ Елеусіз, Ақерке Тәжібаева және «Халық қазынасы» ұлттық орталығының солистері төл музыкамызды шетелдіктерге таныстырды. Кеш барысында «Сарыарқа», «Ана туралы жыр», «Балбырауын», «Аққу» секілді кеңінен танымал шығармалар орындалды. Іс-шараның өтуіне Қазақстанның Болгарияда елшілігі мұрындық болды.
Қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жарыққа шығады
Армениядағы әйгілі Матенадаран ғылыми институты қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жинағын жарыққа шығарады. Бұл – түркі халықтарының шежіресіне қатысты бірегей әрі құнды құжат. Бұған дейін осы орталықтан Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмесі алынды. Матенадаран Юнеско-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Армян халқының ұлттық ескерткіштері сақталған ошақ. Қазақ-армян мәдени байланысына ел президентінің Арменияға сапары серпіліс берді. Қос тарап музыка және хореография өнері, кітапхана ісі, кино және тарихи-мәдени мұра салаларындағы ынтымақтастықты нығайту көздейді. Ал биыл күзде елімізде Арменияның мәдениет күндері өтетінін естеріңізге саламыз.
Архив саласындағы уағдаластық
Қазақстан мен Беларусь архив саласын бірлесе дамытпақ. Ұлттық архивте қос елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту жөнінде 5 жылдық жоспарға қол қойылды. Іс-шараға Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Беларусь мемлекетінің архив және іс жүргізу департаментінің директоры Олег Войнов қатысты. Олар тарихи деректерге қатысты ортақ платформа құрып, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан отандастарымыздың құжаттарын бірге қарауға уағдаласты. Сондай-ақ геральдика саласын зерделеу төңірегінде ой бөлісті. Жиын соңында мәдениет пен архив ісіне қатысты ортақ тұжырымдама бекітілді.
Қолөнерші темір бегімбеттің көрмесі
Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында Темір Бегімбеттің «Екі әлемнің қақпасы» атты көрмесі ашылды. Онда суретшінің 70-тен астам көркем және мүсіндік туындылары қойылған. Белгілі қолөнерші Темір Бегімбек 1951 жылы Жамбыл облысында дүниеге келді. Саналы ғұмырын төл өнерді өрістетуге арнаған. Оның қолынан шыққан сандық, қобдиша, кебежерлер бүгінде әр үйдің төрінен табылады. Бірқатары тіпті шетел асты. Бұл жолғы көрме өткен мен бүгін, жер мен көк туралы сыр шертіп, адамның өзін-өзі тануына жол ашады. Тұрғындар бұл бірегей экспозицияларды мамырдың 5-іне дейін тамашалай алады.