Тасқа айналған тұлғалар
Астана тазалық пен тәртіптің үлгісі.
Қаланы абаттандыруға байланысты эко-айлық басталды. Осы бір айлық жұмыстың бес күні ескерткіштердің маңын тазартуға арналған.
Бүгін ескерткіштерді қорғау күні. Қаламызда қанша ескерткіш бар? Олардың нешеуі мемлекеттік тізімге алынған.
Қаланың көркін келтіріп тұрған тарихи ескерткіштер жетерлік. Астананың өзінде жалпы тізімге алынған 117 ескерткіш бар. Тазалық айлығы басталғалы тұрғындарда тыным жоқ. Бірсыпырасы осы ескерткіштердің маңын тазалап жүр. Себебі олар үшін қаланың таза болғаны маңызды.
Бибісара Нұрғабден, Ә. Мәмбетов театрының ұйымдастырушысы:
- Қаламыздағы мәдени-тарихи ескерткіштердің айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Киелі өлке» апталығы деп аталады. Соның аясында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ескерткіші маңайын абаттандыруға келіп тұрмыз.
Халық көп шоғырланған қаладағы бір мәселе - вандализм. Ескерткіштерге өшігушілер табылады. Көбіне соғып кету, бұзып кетуге жасөспірімдер бейім тұрады.
Самат Тергенбаев, бірлескен мұражайлар дирекциясы директорының бірінші орынбасары:
- Одан басқа да үлкен азаматтарымыздың арасында болады. Азаматтарымыздың арасынан да келеңсіз жағдай шығып жатады. Осыдан екі жыл бұрын ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіште қоладан жасалған баланың ескерткішін екі рет ұрлап кетті. Оның салмағы екі жүз келеден қоладан жасалып құйылған. Соны екінші рет ұрлағанда ақыры ұстадық.
Алмасхан Садыханов, ІШМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Үстіміздегі жылдың тек қана бірінші тоқсанының ішінде 884 бөтеннің мүлкін бүлдіру қоғамдық мүлікті бүлдіруге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 118 азамат ел бойынша қамауға алынғанын атап өткім келеді. Бұдан басқа бес мыңнан астам ұсақ бұзақылық әрекеттер тіркелді.
Тасқа айналған тұлғалар тұрған маңайда арнайы бейнебақылау орнатылмаған. Орнатылғандары бірен-саран. Сол себепті мамандар бейнебақылауды көбейту жөнінде ұсыныс айтып, тиісті орындарға хат жолдаған. Әзірге ескерткіштерді қорғаудың бар амалы осы ғана. Ал қаладағы ескерткіштердің 46-сы мемлекеттік тізімге алынған. Оның екеуі мемлекеттік, қалған 44-і қалалық деңгейдегі маңызға ие. Мұның ішінде ескіден келе жатқан көне ғимараттар бар.
Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен