Түркістандағы кесене сыры белгілі болды
Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтірген жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайда елдегі тарихи-мәдени нысандарды жаңғырту ісін жандандыруды тапсырды.
Себебі қазақ даласында ғасырлар бойы кірпішін қар мен жаңбыр мүжіген тарихи қалалар мен ескі мешіттер, ескерткіштер мен жәдігерлер көп. Кейбірі жойылып кетсе, енді бірі жөндеуді қажет етеді.
Елде тарихи-мәдени нысандарды сақтап қалу, қалпына келтіру ісі қалай жүріп жатыр?
Еліміздегі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи нысандардың бірі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Жеті ғасырлық тарихы бар кешеннің жағдайы қазір көпшілікті алаңдатып отыр. Себебі соңғы 5-6 жылдың бедерінде кесененің қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопси бастаған еді. Осыған байланысты өткен жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрілгі 3 жылға арналған кешенді бағдарлама қабылдап, оған 317 млн теңге қаржы бөлді. Жауапты жұмысты жүргізуді «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктеді. Ғылыми зерттеу жұмыстарына 14 мекеме жұмылдырылды. Олар 13 бағыт бойынша жұмыс жүргізді. Кесененің қабырғалары мен күмбезіне ылғал мен ауаның тығыздығын анықтайтын жүз елуге жуық есептегіш құрал орнатылды. Олар жыл он екі ай қоршаған ортаның мавзолейге әсерін бақылауда. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек алғашқы ғылыми тұжырымдар шыққанын жеткізді.
Мәулен Садықбек, "Әзірет Сұлтан" қорық мұражайының директоры:
- Бірінші кезең бойынша себептері анықталды. Ұсыныстар беріліп жатыр. Шөптер мен газондарды суару мәселесі күрделі болып тұр. Одан кейін күмбез мәселесі. Оны ұстап тұрған 900-ге жуық ағаш тіреуіштердің 90-95 пайызы шіріген. Соны алмастыру ең ауыры болып тұр. Сонымен қатар мына айналадағы суыды барынша азайту. Мына жасалған жұмыстардың бәрі келмейді. Кесенені салған кезде табиғат мұндай болған емес. Оның материалдары мұндай көлемді суға арналмаған. Осы мәселенің бәрін ғалымдар анықтап, ұсыныстарын енгізді.
Көне кесене қалпына келтірілді
Жақында Қызылорда облысындағы Мүлкалан әулие кесенесі қайта қалпына келтірілді. XVI ғасырда салынған сәулет өнері соңғы рет 17 жыл бұрын жаңғыртылған екен. Жаңадария өзенінің жағасында орналасқан тарихи нысанның іргесі сыз тартып, кірпіші үгітіле бастаған болатын. Жөндеу жұмыстарынан кейін қабырғасы нығайып, жаңарып қалды. Кесене кірпіштері жылқының сүті қосылып иленген саз балшықтан жасалған деген ғалымдардың тұжырымы бар. Қайта жаңғырту кезінде әрбір құрылыс материалының құрамы толық зерттеліп, дәл сол технологиямен жасалған. Мүкалан әулие кенесі 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген.
Марат Иманбаев, "Қазқайтажаңғырту" РМК филиалының инженері:
- Объекті ой жерде тұрғасын, жауын-шашын болады, қарлары еріген кезде суы кесенеге қарай кетпесін деп сыртқы жақ беттерге арнайы қабырға істедік. Бетоннан құйып, қорғау жұмыстарын жүргізіп, сыртына таудың тастарын әкеліп, отмостка жүргіздік.
Сарайшық қайта салтанат құра ма?
Сонымен қатар елімізде қайта қалпына келтіруді қажет ететін орта ғасырлық тарихи қалалардың бірі - Сарайшық. Тарихи деректерде Сарайшық қаласының негізін Батухан қалағаны айтылады. Алтын Орданың даңқты хандары таққа осы Сарайшықта отырғаны белгілі. Сондай-ақ тарихи шахар - қазақ хандығының ең алғашқы астанасы болған. Заманында зәулім сарай, мұнаралы мешіт, монша, ақша сарайларымен әйгілі болған көне қала – жылдар бойы Жайықтың суына шайылып, жұтылып бара жатқан еді. Соңғы жылдары тарихи қаланың орнын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Келешекте осы аумақтан «ашық аспан астындағы музей» жасақталмақ.
Әбілсейіт Мұхтар, "Сарайшық" мемлекеттік-тарихи музей-қорығының директоры:
- Өткен жылы ғана Сарайшықтың алғашқы қақпаларының бірі қалпына келтірілді. Орта ғасырлық қалада үш үлкен қақпа болған екен. Болашақта ол қақпаларда қалыпқа келтіріледі деген ойдамыз. Бұдан бөлек, өткен жылы «Қазқалпына келтіру» мекемесі орта ғасырлық тұрғынжайларды қалыпқа келтіре бастады. Ол тұрғынжайлардың барлығы өзінің негізгі іргетасынан бастап көтеріліп жатыр. Одан басқа оннан астам Алтын Ордалық тұрақтар таптық. Сонымен бірге біздің ғалымдар Москва, Санк-Петербург, Алматы, Қазан, Астрахань, Өзбекстан мұрағаттарында ғылыми зерттеулерін жалғастырып жатыр. Болашақта үлкен жаңалықтар болады деген ойдамыз.
Президент осы Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайда шетел мұражайларында тұрған тарихи жәдігерлерімізді елге қайтару ісін жандандыруды да жауаптыларға жүктеді. Тіпті болмаған жағдайда жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасатып, еліміздегі мұражайларға қою керектігін атап өтті. Жалпы еліміздің батысында 20-дан астам жерасты мешіті бар. Мемлекет басшысы солардың барлығын мұқият сақтап, жер жүзіне таныту керектігін жеткізді. Тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов