«Астана Балет» театры Алматыдағы гастрольдік сапарын аяқтады
«Астана Балет» театры Алматыдағы гастрольдік сапарын «Мелодик шоу» деп аталатын концерттік бағдарламамен аяқтады.
Дарынды әртістер музыкалық композициялардың тың, бірегей үлгісін паш етті.
Бағдарлама барысында Абайдың өлеңдеріне жазылған «Махаббат тілі», «Ромео мен Джульетта» шығармалары және жаңа үлгідегі джазбе, заманауи хиттер орындалды.
«Астана Балет» театры жыл сайын көктемде гастрольдік сапармен Алматыға келеді. Шығармашылық ізденіс пен шынайы өнерді жоғары бағалайтын ұжымның репертуары бай. «Мелодик шоу» концерттік бағдарламасын тамашалауға көрермен көп жиналды. Классикалық шығармаларды орындаған әртістер тыңдаушыларға ұмытылмас әсер сыйлады.
Біржан Бақдәулет, симфониялық оркестрдің музыканты:
«Мария Мудрякпен қойған концертіміз өте жақсы өтті. Және одан кейін Ромео мен Джульетта спектаклінің өте жақсы дәрежеде өткіздік деп ойлаймыз. Алматылық көрерменге жақсы ұнады деген ойдамын».
Әртістер John Kander-дің «New York, NewYork»; Andrew Lloyd Webber-дің «Фантом Опера» атты әлемге әйгілі туындыларын шебер орындап, қошеметке бөленді. Балеттің барлық қойылымдары «Алматы театрында» аншлагпен өтті.
Аққали Тұрғали, "Астана Балет" театрының екінші солисі:
«Бұл қойылымның ерекшелігі бұл жерде джаз стиліндегі және қазіргі заманауи бағыттағы, әлемге әйгілі туындыларды «Астана Балет» театрының оркестр әртістері мен балет әртістерінің бірігіп қойған туындылары. Соған сәйкес ерекше стильде өнер көрсету. Біз үшін де қызық тәжірибе».
Балет солистерінің қимылы сезімге толы. Әр бидің өзіндік ойы мен тілі бар. Ал сыбызғы мен скрипка, фортепиано мен контрабас аспаптарынан шыққан әсем әуендер шабыт шақырады. Концертте әртістер бар өнерін көрсетіп, алматылықтардың ықыласына бөленді.
А.Садуақас, С.Жұмабаев