Астанада VII халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті

«Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек». Ұлттық құрылтайда осылай деген Президент әсіресе жастарды кітап оқуға баулудың маңызын атап өткен еді.

Астанада VII халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Жергілікті және 20 шетелдік баспа үйі ең үздік туындыларын осында ел назарына ұсынды. 5 күнге созылған кітап мерекесі оқырмандардың есінде тағы несімен қалды?

Кітап мерекесі

Дәстүрлі кітап жәрмеңкесіне келгендердің қарасы қалың. Әсіресе жастардың үлесі басым. Биыл 70-ке жуық баспа өз өнімін ұсынды. Сөрелерде қазақ әдебиетінің жауһарларымен қатар әлемдік классика менмұндалап тұр.

Айнұр Көпбаева, ұйымдастырушы:

- Қазақстандағы ең ірі кітап көрмесі өтіп жатыр. Осымен жетінші жыл ұйымдастырып жатырмыз. Басты мақсат – қазақ халқы арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Бұл былайша айтқанда барлық кітапсүйер қауым күтетін мереке сияқты. Әр жыл сайын көктемде ұйымдастырып отырамыз. Кез келген аудиторияға, кез келген талғамға арналған кітаптар бар бізде.

Ұйымдастырушылар биыл іс-шараның ауқымы артқанын айтады. Шетелдік 20 баспа жәрмеңкеге қатысуға ниет танытқан. Сондай-ақ Түркия, Испания және Иран елшіліктері де кітап мерекесінен шет қалмапты.

Али Акбар, Талеби Матин Иран мәдени өкілдігінің жетекшісі:

- Иран мен Қазақстанның мәдени-тарихи өмірінде ұқсастықтар өте көп. Соның дәлелі ретінде біз бірнеше тарихи еңбекті көрмеге әкеліп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға сапары нәтижесінде былтыр елдеріміз әл-Фараби еңбектерін бірігіп зерттеуге келісті. Иран мемлекетінің Фараби мирасын зерделеуде тәжірибесі жеткілікті. Сондықтан Қазақстанға береріміз де мол деп ойлаймын. Бұл бағытта Қазақстандағы Иран мәдени орталығы да жемісті жұмыс атқарып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Қазақ тіліне аударылған «Фараби еңбектерін жаңғыру жолында» атты кітаптың тұсаукесерін осы жәрмеңке аясында өткіземіз.

Бір айта кетерлігі, жәрмеңкеге шығарылған туындылар анағұрлым арзан.  Яғни баспа бағасымен сатылды. Әсіресе балаларға арналған кітаптарды тұрғындар пышақ үстінен талап әкетіп жатты.

Гүлмарал Наурызбайқызы, қатысушы:

- Қазіргі балалардың көбі қағаз ақпаратты қабылдай алмайды. QR-код бар, камераны қосады, мына тақырыпқа байланысты видеоны түгел көреді. Балалар қазір визуал балалар. Мынаны оқиды, бірақ та қорыта алмайды.

Мұндай іс-шара баспалар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, әдебиет әлемінде жаңа авторлардың танылуына жол ашады. Әрі оқырмандармен пікір алмасуға таптырмас мүмкіндік, – дейді сала мамандары. 

Роза Исатаева, кітапхана ісінің ардагері:

- Әрине, баланы кітапқа қызықтыру жанұядан басталады. Ең алдымен сол ата-ана кішкентай кезінен баланың зейінін кітапқа аударса. Еліміз дамуы үшін, еліміз көркеюі үшін біздің азаматтарымыз, біздің болашағымыз өте сауатты болуы керек. Кітап оқуы керек. 

Сондай-ақ елімізге белгілі авторлардың көз майын тауыса жазған жаңа еңбектері қалың жұртшылыққа таныстырылды. Ал балдырғандардың алды түрлі танымдық ойындарда бақ сынап, білім жарыстырды. 5 күнге созылған жәрмеңкеде бас-аяғы 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Ал билеттен түскен қаржы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек ретінде жіберілетін болды.

Авторы: Назерке Тоқжан.

 

«Алпамыс» операсы сахналанды

Ал Астана опера сахнасында Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы қойылды. Либреттосын жазған белгілі сахна саңлағы Кәукен Кенжетаев. Қойылымның музыкалық сүйемелдеуі бастан-аяқ халық әндерінен тұрады. Онда эпикалық кейіпкер Алпамыс батырдың ерлігі ғана емес, қазақ халқының бақыт, бостандық үшін күресі баяндалады. Қоюшы режиссер –  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ресейдің халық әртісі Юрий Александров.

«Алла – Диордың жаңа келбеті» кітабы шықты

Нью-Йоркте әлемге белгілі сән дизайнері Кристиан Диордың музасына айналған қазақ қызы Алла Елшін туралы кітап ағылшын тілінде жарыққа шықты. Авторы – дипломат, профессор Берлин Иришев АҚШ-қа арнайы келіп, көпшілікке туындысын таныстырды. Кітапқа ХХ ғасырда сән әлемінің аңызына айналған ару жайлы тың деректер енген. 

Нью-Йорк қаласындағы Қазақстанның бас консулдығында «Алла – Диордың жаңа келбеті» кітабы көпшілікке  таныстырылды. Бұл – әлемдік сән әлемін тәнті еткен Алла туралы бесінші кітап. Бұған дейін орыс, француз және қытай тілдерінде жарық көрген. Бірақ ағылшын тіліндегі нұсқасы – бұрынғы кітаптардың аудармасы емес, түпнұсқа», – дейді авторы Берлин Иришев. Онда қазақ аруының Америкадағы сапарлары жайлы тың деректер қамтылған.

Берлин Иришев,  кітап авторы:

- Америкада біздің Алланы ерекше бағалаған. Оны «Шығыстың маржаны», «Диордың елшісі» деп атаған. Америкада біраз газеттер таптық. Барлығында өте жақсы айтып жазған.

Алла өткен ғасырдың ортасынан бастап АҚШ-қа жиі келіп, Диордың сән үлгілерін таныстырған. Сол кезде жарық көрген мақалалар мен оның суреттері кітапқа енгізілген. Қыпша бел, келбетті қазақ қызының подиумда көрсеткен сән үлгілерін актрисалар, аристократтар жаппай сатып алатын болған. Қазақ қызы америкалық атақты жазушы Эрнест Хемингуей секілді танымал адамдармен жақсы араласқанынан оның бұл елде беделді болғанын көруге болады.

Мадияр Нұрахметов, Колумбия университетінің магистрі:

- Сонау Францияда 1940 жылдары қазақ халқының аруын дүниежүзіне көрсеткен Алла Елшін туралы бұған дейін білмедім. Бұл – маған өте үлкен жаңа ақпарат.

6 тілде сөйлеген Алла Қуантханқызы 20 жылдай Кристиан Диордың табыс тұмары болған, – дейді автор. Ол жайлы келешекте көркем фильм түсірілмек. Сценарийі жазылып жатқан жобаға Қазақстанмен қоса Франция және Американың кино компаниялары сән әлеміне құбылыс әкелген қазақ аруының өмір жолын экрандауға құлшыныс білдірген.

Авторы: Айжан Сыдықова.