Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толды
Мамыр айы мерекеге толы.
Десе де, Алаш жұрты үшін тағы бір айтулы дата бар.
Осы айда еліміз қазақтың эпик ақыны Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығын тойлайды.
Иә, қазақ әдебиетінің Құлагері атанған қаламгердің бай мұрасынан бізге жеткені 20 том кітап. Алайда зерттеушілер жан-жақтан бұрын-соңды жарияланбаған тағы 10 том кітапқа татитын туындыларын тауып қойыпты.
Сәкен, Бейімбет, Ілияс... Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағын көргенде Қазақ әдебиетінің осы "үш бәйтерегі" еріксіз еске түседі. Бір жылда туып, бір жылда атылған алыптар... Ал осы Жазушылар Одағын басқарған тұңғыш тұлға - Ілияс Жансүгіров. Қазақ зиялыларын бір шаңырақ астына жинаған қаламгер оларды бір мүдде, бір мақсатқа еңбек етуге үндеді.
Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы:
- 1932 жылы Жазушылар одағының төрағасы, ең бірінші төрағасы болып сайланған. Оған дейін Каззап дейтін. Казахская агентство пролитарских писаталей болған. Ілияс Жансүгіров Жазушылар Одағының төрағасы болып қана қоймай, мына біздің Қазақстан Республикасының ең алғаш құрылған ЖОО директоры болған. Мынау Казахский институт просвещения дейді. Сол Казинпростың өз басы мына Ташкентте болған. сол Ташкентте бітіріп, 1924 жылы ҚазПИ-дің іргесін қалаған адам.
Ал бұл әйгілі Құлагер фильміндегі Күреңбай сыншының тұлпарға берген бағасы. Иә, қазақ кино өнерінің жауһары саналатын "Құлагерге" Ілияс Жансүгіровтың аттас поэмасы арқау болған. Жыр-толғау түрінде жазылған көлемді шығарма көгілдір экранға шығып қана қоймай, бірнеше шет тіліне аударылды. Мәселен, ағылшын ақыны Белинда Кук ұлы туындыны Шекспир тілінде сөйлетсе, Герт Хайденрайх немісше нұсқасын жазып шықты.
Заңғар Кәрімхан, алаштанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
- Мәселен, біз қазір Алаш қайраткерлерін не үшін зерттейміз? Солардың өмірі арқылы бүлкі идеяны, Алаштың мұрасын, мирасын, олардың аманатын толық сезіне аламыз. Сол сияқты 20 ғасырдың басында идея болсын жекелеген тұлға болсын, тіпті атқа дейін жырлаған. Құлагерді жырлау арқылы қазақ халқының бостандығын, еркіндігін, байырғы бір бақуаттын заманын, көшпелі өркениеттің ең бір керемет кезеңдерін жырлап берді ғой, қазақ деген еркін халық деген сияқтыны айтқысы келген.
Эпик ақын әдебиеттің сан түрлі жанрында көсіле қалам тербеді. Бір ғана бізге мәлім поэмалараның саны 20-ға жуықтайды. Күрделі жанрда бұлай өндіре жазған тұлға қазақ әдебиетіне кем де кем.
Сондықтан да болса керек, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов өз естелігінде "Абайдан кейін поэзиясы аса биік сөз зергері" деп баға береді.
Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы:
- Біз осы кезге дейін Ілияс Жансүгіровтың 30 еңбегі, прозалық шығармасы болатын. Мәскеуге барған уақытта, Мәскеудің қасында Химки деген архивте осы І.Жансүгіровтың тағы да бірқатар жарыққа шықпаған, жарияланбаған еңбектерін таптық. Бүгінгі күні 96 прозалық шығармасы бар екенін көзіміз жетті.
Әр туындысына жан бітіретін тума таланттың мұрасы әлі күнге өз іздеушісін күткен алтын көмбе іспетті. "Күйхалық", "Таңқыбай", "Жажа", "Матай" сынды 30-ға тарта жанама атпен Сталиндік жүйеге қарсы өткір дүниелер жазған тұлпар текті ақынның қазақ әдебиетіне қосқан тағы бір жаңалығы, фельетон жанры болатын. Ілияс Жансүгіров оны алғашында қазақшалап "Шашауша", "Оқшаусөз" деп атағанын бірі білсе, бірі білмес.
Cұраған Рахметұлы, ақын, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері:
- Ілияс Жансүгіровтың тілі қазақтың байырғы тілі және де бай тілінен сусындаған. Бұл осы заманның, 20-шы ғасырдың, келер ғасырдың ең үлкен жазушыларың бірі және де қазақ дүниетанымының қазақ құндылығының, заақ философиясының ең биік шоғыры ретінде танылатын ғұлама.
Өртеңге шыққан құдіретті өрт ақын. Ақындық бауырын Құлагерше жазып үлгере алмай, Құлагерше қапыда мерт болды. Белгілі сыншы Сағат Әшімбаев Ілияс Жансүгіров жайында осылай деп тебіренеді.
Иә, отызыншы жылдардың ойранында ұлы ақын жазықсыз оққа ұшты. Небәрі 44-те болатын. Тағдыры қиын, өмірі қысқа... Бірақ қазақ руханиятына қалдырған еңбегі телегей теңіз. Ал оны дәріптеу әрбір қазақ баласының міндеті.
Назерке Тоқжан, Наурызбай Құрманғазы