Астанадағы мектепте Несіпбек Айтұлына арналған әдеби кеш өтті
Балаларға балдай жыр...
Астанадағы мектептердің бірі осындай атаумен ақын Несіпбек Айтұлына арнап әдеби кеш өткізді. Кештің көрігін ашып, шайырдың жырын жатқа айтқандар - кішкентай бүлдіршіндер болды.
Бұл Несіпбек Айтұлының бүлдіршіндерге арналған Қыс өлеңінен үзінді. Шайыр балалар әдебиетінің өрісі кеңеюіне үлес қосып, мың жылдық азық болатын көптеген туындылар қалдырған. «Саяхатшы шыбын», «Балаларға балдай жыр» кітаптары соған дәлел.. Ақын өлеңдерінің тақырыбы балалардың таным көкжиегін кеңейтуге, тәрбие мен үлгілі мінезді, әдеп пен ұқыптылықты қалыптастыруға бағытталған. Бүгін елордадағы білім ордасы ақынға арналған әдеби кеш өткізіп, жақындары мен мектеп оқушыларының басын қосты. Несіпбек Айтұлының отбасы балаларға жылы лебізін білдіріп, мектеп ұжымына қаламгердің кітаптарын тарту етті.
Шығармашылық кешке мектеп ұжымы тыңғылықты дайындалған. Білім ұясына енді ғана аяқ басқан 1-сыныптың бүлдіршіндері және де ата-аналары ақынның жырларын жатқа айтты. Әдеби-поэзиялық кеште өнер көрсеткен оқушылар Несіпбек Айтұлының немересінің сыныптастары.
Шахризада Раш, Ө. Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы:
- Қазақстан әдебиетіне мол үлесін қосқан ақын жазушыларды олардың туындыларын келер ұрпақ міндетті түрде біліп өсуі керек. Несіпбек Айтұлы поэзияны жаңғыртқаны аздай біздің кішентай бүлдіршіндерімізге де қалдырған базарлығы көп. Мысалы 1-ші сыныптарға арналған Ана тілі оқулығы ағамыздың өлеңімен басталады.
Жиынға ақынның шәкірттері де келді. Олар шайыр туралы жылы естеліктер айтып, өмір жолынан сыр шертті. Кеште қаламгердің сөзіне жазылған әндер де орындалды.
Қайнар Қатбай
- Әкем де осы қара өлең, Шешем де осы қара өлең, Қара өлеңім тұрғанда, Қалай ғана мен өлем? деп жырлаған Несіпбек Айтұлы бүгін ортамызда жоқ. Десе де бүлдіршіндер өлеңі өлмейтін ақынның өзі де өлмейтінің тағы бір дәлелдеді.
Әлішер Әли, Ақылбек Есімсейітов