Жеңіс күні. Ерекше көрме елді тәнті етті
Аңыз батырлардың ағаш мүсіні. Өскеменде қолөнер шебері Юрий Костанянцтің ерекше көрмесі ашылды.
Онда Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің де, Рейхстахқа ту тіккен халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың да тұлғасын кездестіруге болады. Он саусағынан өнер тамған талант иесінің "Жеңіс күніне" арнаған экспозициясын тамашалап көріңіздер.
Юрий Костанянцтің туындылары жинақталған бұл зал адамды тарихқа жетелейді. Әлемге танымал «Т-34» танкі, «Катюша» әскери машинасы сынды темір техниканың ағаш бейнесі таң қалдырмай қоймайды. Өйткені автор алдымен олардың түпнұсқасымен танысып, әр бөлшегін зерттеп шыққан. Тек содан соң ғана көшірмесін ағаштан жасап отырған.
Мүсінші Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстахқа ту тіккен сәтін де әсерлі бейнелепті.
Ал мынау «Журавли» мүсіндік композициясының шағын көрінісі. Соғыс жылдары жайлы сыр шертетін бұл мүсіндерді мектеп оқушылары да қызыға тамашалады
Гүлназ Егеншенова, оқушы:
- Әсіресе «Отан-Ана» мүсіні керемет ұнады. Кітаптан оқыған бір бөлек, көзбен көрген мүлдем басқаша екен. Адамға рух беріп, жігерлендіріп тастайды.
Көрменің басты мақсаты да осы, - дейді Юрий Костанянц. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бейбіт өмірді бағалауға үйрету.
Юрий Костанянц, мүсінші:
- Барлығы да отанды, отбасыңды, еліңді, жеріңді сүюден басалады. 9 мамыр Жеңіс күнінің тарихта алар орнын жас ұрпақ түсініп, бағалай білуі керек.
Бұл жерде Қазақ хандығынан бастап, соғыс жылдары тақырыбын қамтитын 400-ден аса туынды бар. Танымды кеңейтетін тарихи көрмені тұрғындар бір апта бойы тамашалай алады.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин, 24.KZ, Өскемен.