Қазақстан дизайнері АҚШ-тағы көрмеге қатысты
АҚШ астанасында сәнді киім үлгілеріне арналған халықаралық көрме ашылды.
Ауқымды іс-шарада 30 елден келген дизайнерлердің туындылары көрсетілді. Қазақстан сәнгері заманауи ұлттық киім үлгілерін ұсынды.
Вашингтондағы сән көрмесі Fashioning power-fashioning peace деген атпен өтіп жатыр. Ол киім арқылы күш қуатыңмен бірге келіссөз жүргізу қабілетіңді де көрсет дегенді білдіреді. Іс-шара АҚШ-тың 28-президенті Вудро Уилсон тұрған үйде ұйымдастырылуының да себебі осында.
Сәндік киім үлгілері мұражайдың әр бөлмесіне қойылған. Оларды былай орналастырудың өзіндік мәні бар. Мысалы, музей кітапханасынан іскерлік үлгідегі киімдерді көруге болады.
Элизабет Карчер, мұражайдың атқарушы директоры:
- Мына әдемі киім Қазақстаннан. Ол барқыт пен жібектен тігілген. Мына оюлы түйреуішті қараңыздар қандай керемет. Шын мәнісінде бұл шапанды киімді шалбары бар костюм десе болады. Моншақпен көмкерілген белбеуі ерекше. Ал астары өте жақсы тігілген.
Қазақстандық дизайнер Bakonya билік пен бейбітшілікті заманауи стильдегі дәстүрлі киіммен бейнелеуге мән берген. Шебер өз еңбектерінде ұлттық нақышпен бірге қазіргі күннің талаптарын да ескерген.
БЛИЦ:
Сильвия Калелла, көрмеге қатысушы:
- Мен стилистпін. Осындай көрмеге келіп, қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Маған әсіресе басшылық қызметтегі әйелдерге арналған киімдер ұнады.
Дэррен Паша, көрмеге қатысушы:
- Көрме жақсы ұйымдастырылған. Киімдердің көбі ұлттық стильде тігілген, өте әдемі. Өзіме бірнешеуі қатты ұнады.
Жалпы көрмеге АҚШ, Франция, Сингапур, Қытай, Сауд Арабиясы сияқты елдердің танымал дизайнерлері өз сән үлгілерін әкелген. Орта Азиядан тек Қазақстан дизайнерінің туындысы қойылған. Іс-шара 12 мамырға дейін жалғасады.
Айжан Сыдықова, 24.KZ АҚШ