Ұлттық театрдың Ұлытауға сапары
Жезқазғанда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының гастролі басталды.
Бұл астаналық ұжымның Ұлытау жеріне 20 жылдан соң жасаған сапары. Өнер мерекесінің шымылдығы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» драмасымен түрілді. Қимас махаббат тақырыбы арқау болған қойылымды ұлытаулық көрермен ерекше қабылдады.
4 күнге жалғасатын шарада Қаллеки театрының репертуарындағы ең үздік қойылымдар ұсынылады. Олардың қатарында Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» драмасы мен Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы бар. Гастрольдік сапар мамырдың 12-сі күні театр хорының «Гүл-көктем» концертімен түйінделеді.
Гүлсина Миргалиева, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:
- Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ұлттық статуспенен ең бірінші гастролін Ұлытаудан бастап жатыр. Өйткені Ұлытау жері өте қасиетті. Елдің батасын алып кетейік деп. Және де мұны символично деп көреміз өзіміз.
Әбілмансұр Серіков, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі:
- Бұл жақтың халқын білем, өнер көрсеттік. Керемет қабылдады. Жылы. Суретке түсейік деп адамдар жол бермей кәдімгідей. Ең бастысы барлығын абыроймен өткізіп, халықтың көңілінен шықсақ болды.