Алматыда жазушы Әлібек Асқаровпен кездесу өтті

Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, прозашы Әлібек Асқаровпен кездесу өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Жиында қайраткердің қаламгер достары, оқырмандары мен жас әдебиетшілер бас қосты. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың айтуынша, Әлібек Асқаров – суреткер жазушы. Оның шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы оқырманның сұрауымен 10 рет басылған. Одан бөлек, «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері» де оқырманның жүрегінен орын тапқан. Әдебиетке жаны құмар жандар қаламгерге сұрақтарын қойып, әртүрлі мәселе бойынша пікір алмасты.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

- Әлібектің алғашқы мамандығы – суретші. Ол біздің суретшілер училищесін бітірген. Жақсы сурет салады. Сурет деген мен жазушылықтың, музыканың ағайынды екенін өзіңіз жақсы білесіз. Біз Әлібек Асқаровты Шығыстың, Алтайдың жыршысы деп есептейміз. Алтайдың табиғатын керемет жазған жазушылар бізде көп емес, соның біреуі бірегейі – осы Әлібек Асқаров.

Әмірхан Меңдеке, әдебиет сыншысы:

- Мысалы, Шерхан Мұртаза: «Әлібектің әңгімелері де осы алтын ине сияқты», –  дейді. «Денеңе ақырын кіреді де, денеңді шымырлатады, жаныңды нұрландырады», – дейді. Бұл енді Әлібек Асқаровтың шығармашылығына берген зор баға деп есептеймін.