Татарстанда «Абай» орталығы ашылды

Татарстан астанасында қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазан федералды университетінде орналасқан «Абай» орталығының жұмысын ұйымдастыруға Еуразия университетінің ғалымдары көмектеседі. Бұл туралы келісімге Қазан қаласында «Ресей – Ислам әлемі» атты форумда қол қойылды.

Астанада татар тілінің орталығы осыдан 10 жыл бұрын ашылса, енді Қазанда Абай атындағы орталық бар. Оған келушілер ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдармен және белгілі абайтанушылардың зерттеулерімен таныса алады.

Альфия Юсупова, Қ. Насыри институтының директоры:

- Бұл орталық қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға бағытталған ғылыми жұмыспен айналысатын болады. Қазақ тілі сабақтары өткізіледі. Келемін деушілерге есігіміз ашық. Алдағы уақытта қазақ мәдениетін танытатын іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Орталықтын ашылуын жергілікті қандастарымыз да, түрколог ғалымдар да асыға күтті. Ғалымдар енді Абай оқуларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазақ тілінде жазылған шығармаларды татар тіліне аудару ісі де жанданбақ.

Гүлфия Гайнуллина, Қазан федералды университетінің доценті:

- Соңғы уақытта қазақ әдебиеті мен фольклорына сұраныс жоғары, сондықтан көптеген шығармалар татар тіліне аударылып жатыр. Бұл  туысқан екі халықты жақындастыра түсетіні сөзсіз. Осыдан 2 жыл бұрын біз Мұхтар Әуезовтың 3 шығармасын өз тілімізге аудардық. Биыл қазақ ертегілер жинағын аударып бастадық. Абай шығармалары да сұранысқа ие. Сондықтан ұлы ойшылдың еңбектерін аудару ісін жалғастырамыз.

Дана Нұржан, тілші:

- «Ресей – Ислам әлемі» форумы алаңында Еуразия ұлттық университеті мен Татарстанның ғылым академиясы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжат Орталық Азия елдерінде тәжірибе алмасу, мамандардың біліктілігін көтеру, ғылым, мәдениет және тарихты терең зерттеуге бағытталған бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.