Қызылорда облысының әкімі мәдениет қызметкерлерін құттықтады
Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Қызылорда облысына түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді, деп хабарлайды 24KZ
Бұл – өңірдің Орталық Азиядағы рухани һәм мәдени кемелденген өлке ретінде лайықты бағалануы. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында биыл «Руханият жылы» деп жарияланған аймақтың өнерсүйер тұрғындары мәдениет қызметкерлері күнін, толайым табыстармен қарсы алып отыр.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында халықаралық суретшілер симпозиумы қорытындыланды. 23 қылқалам шебері 5 күн бойы Сыр өңірінің әсем ғимараттары мен тарихи нысандарын кенеп бетіне бедерлеп, көркемсурет галерея қорын әсем туындылармен толықтырды. Мәдениет майталмандары құрмет төрінен көрінген салтанатты шарада облыс әкімі «Руханият» жылы атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынады. Жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдау мақсатында Сырдың сол жағалауынан шығармашылық академиясы, екі ауданда оқушылар үйі мен өнер мектептері салынуда. Ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан Қазанғап атындағы музыкалық жоғарғы колледжінің жаңа ғимараты салынуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана енді тәулік бойы жұмыс істейді. Мерекелік жиында өнер иелеріне облыстың «Құрмет грамотасы», салалық министрліктің марапаты мен «Тұран» сыйлығы табысталды.
Хұсейін Әмір-Темір, «Тұран» сыйлығының иегері:
- Шығармашыл адамдарды марапаттау – жай ғана медаль тағып, сыйлық беру емес, олардың шығармашылығына демеу болу. Олардың еселеп еңбек етуіне мүмкіндік жасау деп ойлаймын.
Шарада 8 өнер ұжымына 60 домбыра тарту етілді. Көрермендер өңірде биыл құрылған симфониялық оркестр мен жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев