СҚО-да Ботай мәдениеті фестивалі өтті
Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай пырағы» көшпелілер мәдениетінің фестивалі өтті.
Шара аясында бір жарым мыңнан астам адам ежелгі Ботай мәдениетімен терең танысты. Қонақтар соңғы жылдары табылған археологиялық жәдігерлерді көріп, ұлттық ойындарды тамашалады.
Ботай қонысы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері зерттеліп келеді. Археологтар бүгінге дейін үш жүз мыңнан астам жәдіргер тапты. Бұл отандық археология ғылымы үшін тың жаңалық болды. Ежелгі адамдар туралы жаңа деректер анықталды. Бұл жолы алыстан келген қонақтарға «Ботай» музей-қорығы бірегей экспонаттарды көрсетті.
Руслан Хайргелдінов, «Ботай» музей-қорығының ғылыми қызметкері:
- Найза ұштары, бағанағы жебе ұштарын көруге болады ретушь әдісімен жасалған. Одан кейін сүйектен жасалған көптеген жәдігерлер кездеседі. Ол бізде найза ұштары бар, одан кейін сүңгі, бағанағы гарпун дейміз, балық аулауға арналған құралдарды көруге болады. Одан кейін керамикадан жасалған көптеген жәдігерлерді қарастыруға болады.
Фестивальға қатысушылары ботай мәдениетімен терең танысты. Олар садақ атудан жарысып, саздан ыдыс-аяқ жасап, атқа мінді. Теңге ілу, аудыраспақ, қыз қуу сынды ұлттық ойындарды тамашалады.
Құдайберлі Мырзабек, мәдениет қайраткері:
- Мында халықтың көңіл-күйі деген өте жақсы. Мінекей қазір өткеле жатқан үлкен керемет оқиғалардың, ойындардың, қойылымдардың куәсі болғалы тұр.
Ботай қонысы туристердің сүйікті орнына айнала бастады. Мұнда ежелгі ботайлықтардың бірнеше үйі салынып, ішінде мәдениеті мен салт-дәстүрлері көрсетілген. Былтырдан бері көне қоныста шетелдік археологтар зерттеу жүргізіп, тың деректерді анықтады.
Қуаныш Шақшақов, «Ботай» музей-қорығының директоры:
- Бұл жерде ежелгі қала екенің де дәлелдедік. Өйткені бұл жерде сегіс жүзден мың екі жүзгі дейін тұрғын үйлердің орыны анықталған және олар көше, даңғыл болып бөлінген. Сол кезде шаруашылығына қарай, мысалы малшылар жеке өмір сүрген жеке қуыста, балықшылар жеке. Алғашқы ауыл шаруашылығымен айналысқан азаматтар олар жеке өмір сүрген. Осындай шараларды өткізу керек туристерті тарту үшін және біздің бай тарихи-мәдени мұрамызды насихаттау үшін.
Алдағы уақытта археологтардың алдында Ботай қонысын туристік сапар орталығына айналдыру міндеті тұр. Бұл нысанды 2027 жылға дейін салу жоспарлануда. Оның жанында артефактілер қоймасы бар археологиялық зертхана ашылады.
Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный