Венециядағы биенналеде Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылды
Қазақ өнері Венеция төрінде.
Әлемге әйгілі Венеция биенналеде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылған, еліміздің алғашқы ұлттық павильонына, көптеген туристер барып жатыр. Қазақ жерұйығы несімен таңқалдырды?
Шетелдіктер мінсіз әлем іздеген Жерұйық туралы қазақ аңызына қанығып жатыр. Ежелгі дүниетаным қазіргі заманмен әдемі үйлесіп, қызықты етіп берілген. Павильонға келушілер тәнті. Қазақстан суретшілері көрерменге болашақ туралы тың ақпарат, соны көрініс ұсынды. Түрлі туындылар Ұлы Дала номадтарының өркениетін көркем түрде жеткізе білген.
Әнуар Мүсірепов, павильонның тең кураторы:
"Бұл біз үшін, жаңа тарих үшін, тәуелсіз Қазақстанның тарихы үшін өте маңызды оқиға. Бұл жерде біз утопия, футуризм туралы емін-еркін әңгіме өрбітіп жатырмыз. 40 жыл бұрын Кеңес кезіндегі цензура бұған еш мүмкіндік бермеген еді. Енді өзіміздің еркін келешегіміз туралы жаза аламыз."
Бұл көрмені әлемдік өнердің тілі деп атайды. Коллекционерлер, өнер майталмандарды біздің павильонды көру ұзынсонар кезекке тұрды.
Арминио Шьолли, көркемөнер галереясының бас директоры:
"Елдің осында жүргендей әсердемін. Өйткені адам өте көп. Мұндай павильондар өте аз. Елдеріңіз керемет. Мақтан тұтарлық ғажайып мемлекет. Қазақстан тарихын, түп-тамыры мен қазіргі қоғам өмірін өте шебер, кәсіби тұрғыда көрсетіп жатыр."
Сандро Тети, баспагер:
"Бұл жерде жай адамдар емес, мыңдаған маманның жүргенін өз көзіммен көрдім. Яғни қазақ мәдениетіне деген қызығушылық өте жоғары. Бұрыннан қатысу керек еді."
Марк Иннаро, журналист:
"Дәстүрден мүлде қол үзбеген үлкен шеберлердің өзара сабақтастығы сезіледі. Бізге бәрі өте қызық. Дәстүрді сақтай отырып, алға ұмтылу - тамаша нәтиже."
Биылғы биенналенің бір тақырыбы Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыру. Осы тұрғыда өркениеттер тоғысындағы Қазақстан ұсынған павильон барлық талапқа сай келіп отыр.
Ерболат Сембаев, ҚР Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
"Павильон осы жерде туристерге арналған. Ол әлі жарты жылға дейін жұмыс істейді. Сондықтан біздің павильон алдағы уақытта осында келетін барлық туристерге ұнайды деп сенемін."
Әлемдік көрмедегі еліміздің алғашқы ауқымды павильоны өте табысты өтіп жатыр. Бұл жетістік туристер санымен ғана өлшенбейді. Мұндай сәтті жобалар отандық өнердің жаңаша өрлеуіне серпін беруін әбден мүмкін.
Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан