Шымкентте он жыл бұрын салынған театр ғимараты тозып барады

Шымкенттегі академиялық қазақ драма театрының сапасы сыр берді.

Ғимарат небәрі осыдан 10 жыл бұрын салынса да, тез тоза бастаған. Дыбыстау мен жарықтандыру жүйесі де жарамсыз болып шықты. Техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған- дейді театр қызметкерлері. Сондықтан  өнер ордасын күрделі жөндеуден өткізуді сұрайды. Жергілікті билік өнерпаздардың өтінішін ескеріп, қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлуге дайын. Алайда қолданыстағы заң бойынша мерзімінен бұрын тозған ғимаратты жаңғыртуға болмайды. Мәдениет саласының мамандары аймаққа жұмыс сапарымен барған Сенат депутаттарынан көмек сұрады.

Арайлым Құрбанбекқызы, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры:

- Модернизация керек. Мынау жоғарғы механизм, төменгі механизм, жарық беру комплексі және дыбыс беру кешендерін күрделі жөндеу және ауыстыру керек.

Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл жерде заңдар жалпы ортақ болады. Бірақ тиісті министрлік, ведомстволар өзінің бұйрықтары немесе басқа да құжаттары арқылы соның шешу жолдарын қарастыруға болады. Алдағы уақытта енді орталыққа барамыз. Бұл мәселелердің барлығын зерттеп, тиісті шаралар қабылдауға өз жағымыздан көмегімізді береміз.