Семейде қазақы құмай тазылар көрмесі өтті

Оған 30-ға жуық тазы мен баптаушылар жиналды, деп хабарлайды 24KZ.

Асылтұқымды тазы ежелгі қазақы ит тұқымы ретінде мойындалды. 2022 жылдан бастап бұл тұқымды халықаралық деңгейде таныту шаралары қолға алынды. Абай облысында тазы баптап, аңға шығатындар аз емес.

Айдар Садуов – 10 жылдан бері тазы ұстаған кәнігі аңшы. Қолында 5 тазысы бар. Оның айтуынша, тазы қолға тез үйренеді, иесінің қас-қабағынан бәрін ұғатын қасиетке ие. Алдындағы алған аңын да жәукемдемей, иесіне барынша таза күйінде сақтайды. Қазір Айдар бұл іске ұлын баулып жүр. 11 жастағы Әділжан Жеңістің сүйікті тазысы – Жезкиік.

Әділжан Жеңіс, тазы баптаушы:

- Біз бірінші қар жауғанда әкем екеуміз аңға шығамыз. Біз кіші тазыларды да сонда алып кетеміз. Өйткені күшіктердің үлкен тазыға қызығушылығы болады. Мен тазы ұстайтын себебім, өйткені тазылар жеті қазынаның біріне кіреді. Оны бұрындағы ата-бабамыз ұстаған. 

Ит – жеті қазынаның бірі. Оның ішінде бойына біткен ептілік, жылдамдық қасиеттері жағынан қазақы құмай тазыға тең келері жоқ. Семейде тазыларға арналған көрме өтіп жатыр. Оған 30-ға жуық тазы әкелінді. Жалпы бұл шара Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылып жатыр.

Иттер көрмесіне семейлік Сұлтан Уәлиханов екі тазысын алып келген. Ит баптаушы тазыларын әлемдік деңгейде танытуды көздейді. Жас қатысушыға тазы баптауды нағашылары үйреткен екен.

Сұлтан Уәлиханов, тазы баптаушы:

- Қанда бар десем де болады. Анашымның нағашыларым жағында болған. Әжемнің ағалары ұстаған, содан дарыды ма деп ойлаймын. Өзімнің әкем де құстарға жақын, атқа жақын болды. Ауылда бір тазыға қатты көзім түсіп, содан күшігін алып асырап бастағанмын. Кейінірек тазылардың қанын жөндеп, Енжебек ата деген кісілерден тазы алып ұстап жүрміз. 

Қазақы тазылар көрмесінде желдей жүйрік қазақы иттердің болмыс-бітімі сыналды. Сарапшылар иттің дене тұрқы, мінез-құлқын сараптады. Мақсат – құмай тазының тұқымын түгендеу. Тазасын сұрыптап, санын көбейту.

Анель Балғынбаева, сарапшы:

- Мен өзім де қазақы құмай тазы ұстадым. Бұл ит кербез мінезімен менің жүрегімді бірден жаулап алды. Қазақы құмай тазының көзіне бір қарасаң жеткілікті. Оның жанарынан-ақ қаны таза екенін байқауға болады.

Қазақ халқы ежелден итті адамның досына, жеті қазынаның біріне балаған. Әділет Смағұлов қазақы тазылар көрмесіне арнайы келіп тазыға арнаған әнін шырқады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.