Опера әншісі Нұрқанат Тапиев Сеулде халықтың зор қошеметіне бөленіп жүр
Оңтүстік Корея астанасының ең ірі концерт залында Нұрқанат Тапиев халықтың зор қошеметіне бөленіп жүр, деп хабарлайды 24kz.
Қазақ опера әншісіне Сеул көрермендері үнемі тік тұрып қол соғады. Тенор корей тілін үйреніп, қазір корей елінде әйгілі арияларды акцентсіз орындайды.
Владислав Цой, тілші:
- Нұрқанат орындаған әр әннен кейін көрермендер әдетте ұзақ қол шапалақтап, оны сахнадан жібермейді. Қазақ әншісінің корей тілінде ән шырқап, сөйлеуі жиналған жұртты бірден баурап алды.
Чо Мён Сук, дирижер:
- Қазақ теноры тек сырт келбетімен ғана сұлу емес, оның даусы да өте таза және әдемі тембрде. Сонымен қатар оның дикциясы мен сөйлеу мәнері де өте жақсы, ол маған барлық жағынан ұнайды. Тіпті мен оның нағыз фанатына айналдым десем болады.
Қазақстандық опера әншісін корей сахнасына осы елдегі танымал әнші Лим Чон Хва шақырған. 2019 жылы ол Нұрқанат білім алған Қазақ ұлттық музыка академиясында шеберлік сабақтарын өткізген еді. Содан Лим Чон Хваның қолдауымен екі жыл бұрын Тапиевтің Оңтүстік Кореяда дебюті өтті. Осыдан кейін Нұрқанат жергілікті опера жанкүйерлері арасында танымал бола бастады.
Лим Чон Хва, опера әншісі, Пексок университетінің профессоры:
- Нұрқанат менің ұлымдай. Мен оған «Имсан» деген корей атын қойдым, ол тау деген мағынаны білдіреді. Ол өте талантты және Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуда маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын. Ол қазір әндерді корей тілінде шебер орындайтын болды. Егер жүзін көрмесеңіз, кәріс деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Ол бұл үшін көп еңбектенді. Мен оны мақтан тұтамын.
Нұрқанат корей тілін екі жылдай оқыды. Биыл қазақстандық әнші Оңтүстік Кореядағы жетістіктеріне қарамастан елге оралуға ниетті.
Нұрқанат Тапиев, опера әншісі:
- Анда-санда келіп кетуге болады концерттерге. Енді осы тілді үйрендім, осыны әрдайым ұмытып кетпес үшін қайталап сөйлеп жүруге тырысамын. Айырмашылығы –бұл жерде үлкен кісілер, әсіресе, аталар, әжелер көп опера тындайды, опера тындауға келеді, классикалық музыкалар тындайды. Сондықтан Қазақстанмен салыстырғанда халық өте көп келді мысалы және жақсы қолдау білдіреді.
Нұрқанаттың Оңтүстік Кореяда дебюті әйгілі композитор Хон Нан Паның шығармашылығына арналған жыл сайынғы концертте болған. Содан бері ол осы музыкалық кештердің тұрақты қатысушысы. Нұрқанат Тапиевтің корей сахнасында алдағы концерттік кестесі әлі анықталмағанымен қазақстандық тенор келесі жылдың соңында жергілікті сахнаның бірінде Хон Нан Паның әндерін орындауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян