«Қазақфильм» мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы мүмкін
«Қазақфильм» киностудиясы тікелей мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы мүмкін. Ұлттық киноның қара шаңырағы қазір қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Кәсіпорынның инфрақұрылымы тозып, шығармашылық тұрғыдан да тоқырауға ұшыраған. Алайда «Қазақфильмді» қазынадан тікелей қаржыландыруға құқықтық негіз жоқ. Бұл мәселе бүгін Мәжіліс отырысында айтылып, заңнамалық деңгейде реттеу тетіктері талқыланды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заңға «Қазақфильмді» мемлекеттік тапсырыс арқылы тікелей қаржыландыруға негіз болатын норманың енгізілетінін алға тартты. Мәжіліс отырысында сондай-ақ креативті индустрия өкілдеріне мемлекеттік қолдау шаралары айқындалған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- «Қазақфильмге» қатысты, дубляжға қатысты жұмыс көптеген заңмен реттеліп, шектеліп, қазіргі күйге жетіп отыр. Заң шеңберінде оның деңгейі көптеген продюсерлік орталықтың деңгейінде қалып қойған. Сондықтан оның барлығын заңға енгізіп, ол шектеулерді алып тастаймыз. Ал енді дубляжға келетін болсақ, заңдағы талаптар қиын болғандықтан, біз жыл сайын беріліп отырған қаражатты қайтарып отырмыз.