Елордада жазушы Герольд Бельгердің екі томдық кітабы таныстырылды

Астанадағы Ұлттық кітапханада белгілі публицист, сыншы-аудармашы Герольд Бельгердің «Таңдамалы» атты екі томдығы таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.

Құнды жинақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрді. Кітаптың әрқайсысы 3 мың данамен оқырманға жол тартты. Онда Герағаның 150-ге жуық шығармасы енген. Жинақ енді елдегі кітапханаларға таратылады. Төл әдебиетімізде өшпес із қалдырған тұлғаның биыл 90 жылдығы. Мерейтойға орай өңір-өңірде танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. «Оның қаламынан туған повестер, әңгімелер мен аудармалар талай ұрпаққа азық», - дейді аға буын. Әсіресе, қазақ халқы мен қазақ тілі туралы ойлары бүгінде қанатты сөзге айналған.

Сауытбек Абдрахманов, журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

- Герағаның 90 жылдығына біздің министрліктің осындай көңіл бөлуі, мемлекеттік тапсырыс бойынша екі томдығын шығаруы, тұсаукесерін өткізуі құптарлық. Ол қандай құрметке де лайықты адам. Біздің тіліміздің даңқын көтерген, өзімізді өзімізге танытуға үлкен үлес қосқан тұлға.

Қуаныш Жиенбай, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бельгер деген кісі қазаққа қарыздар. Қазақ Бельгерге қарыздар. Ол кісінің өмір жолының барлығы қазақтың тыныс-тірлігімен біте қайнасқан. Қазақтың небір мықты жазушыларының барлығын Бельгер ағамыз аударды. Соларды әлемге танытты.