Ақтау қаласы түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы атанды
Ақтау қаласы түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы атанды.
Ақтау 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болады. Шешім Ашқабадта өткен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тұрақты кеңесінің 41-отырысында қабылданды. Мәдениет пен тарихтың тоғысқан мекені Маңғыстау туыстас халықтардың мәдени астанасы мәртебесін Түрікменстанның Анау қаласынан қабылдап алды. «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты іс-шара аясында 2025 жылдың наурыз айында Маңғыстауда салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бір жыл көлеміне қарт Каспий жағалауы түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтатын іс-шараларға иелік етпек. Олардың арасында, театр, опера, би, дәстүрлі өнер және басқа да көптеген байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы, қолөнер шеберлерінің фестивалі, тарихи-ғылыми конференциялар, ақын-жазушылармен кездесулер, түркі әлемінің ұлы ғұламаларының өмірі мен еңбектеріне арналған жиындар мен тағылымды кештер ұйымдастырылмақ. Еске сала кетейін, бұған дейін Астана мен Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен атқарған.
Сұлтан Раев, Халықаралық Түрксой ұйымының бас хатшысы:
- Мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінде 2025 жыл «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы» ретінде жарияланды. Бұл Ақтау шаһары үшін маңызды оқиға. Өйткені, Ақтау- түркі дүниесінде ерекше тарих пен мәдениетке ие қала. Осындай шаһардан түркі әлемін дүниеге таныту үлкен мүмкіндік.