Отандық киностудия балаларға не ұсынып жүр?
Балаларға арналған отандық контенттің жай-күйі қалай?
Біздің бөбектер не көріп жүр?
Бүгінде Қазақстанда бір ғана балаларға арналған арна бар. Бірақ контент жасауда мәселелер шаш етектен. Елде анимациялық компаниялар аз. Аниматор мамандар мен сценаристер тапшы. Жоқтан бар жасағандар этиканы ескермей, техникалық талаптарды сақтамайтын көрінеді. Ата-аналарды алаңдатқан мәселе туралы депутаттардың да пікірін білдім. Олардың ойынша қазақша контентті дамытудың драйвері бәсекелестік дейді
Наурыз Сайлаубай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Союз мультфильм» сияқты қазақ мультфильм деген сияқты мультфильм саласында жұмыс істеп жүрген үлкен бір ұйым болса. Түрлі-түрлі талантты балаларды шақырып, осы жерге жұмыс істетсе 1 жастан 2 жасқа дейін, 3-4 жасқа дейін Балапанды көреді. Ары қарай 5,6,7 жастағы балалар қалып кетіп жатыр. Соларға 1-3 жастағылар контенетті бір бөлек, 3-6 жасқа бір бөлек, ары қарай ересек, орта топ деп бөліп тастасақ.
Қызығы, ата-аналар айтып, депутаттар көтеріп жүрген «Союз мультфильм» секілді қазақ тілді студия бізде де бар. Ана тілінде анимациялық фильм шығарумен айналысатын орталық осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастаған.
Гүлзат Мекебаева, "Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" Ұлттық киностудиясының" жетекші маман-анимациялық кино редакторы:
- Қазақ анимация деген Қазақфильмнің бөлімі ашылды 2022 жылы. Сол бірлестіктің мақсаты біздің Әмен Хайдаров бастаған жолды әрі қарай жалғастыру болып табылады. Қазақ анимация шығармашылық бірлестігі құрылғалы бері қазір анимация өте қарқынды дамып келе жатыр.
Ал назарларыңызға ұсынған бұл «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі шығарған өнімдердің бірі. «Айбынды аула» деп аталатын алты минуттық мультфильм. 1 жылда небары 32 мың рет қаралған. Әзірге «Қазақфильм» жанынан құрылған студияның жеткен ең жоғары жетістігі. Ал ең соңғы шыққан мына анимациялық фильмді «Үндеме» деп атапты. 9 айда жинаған қаралымы 300-ге де жетпейді. Ал тура осындай балаларға арналған көрші елдің өнімі «Маша мен аю». Қызықты оқиғалардан құралған сюжет санаулы секундта мыңдаған, ал 9 айда 20 млн қаралым жинайды.
"Қазақанимацияға" қайта оралсақ. 4 жылда 45 өнім шығару туралы тапсырыс алған. Құрылған жылы 20, былтыр 10, биыл 13 анимациялық фильмі жарық көреді. Интернет иірімі тұрғанда қазіргі балаларды қызықтыру қиын. Дегенмен, жарнаманың жоқтығынан ба қаралым саны көңіл көншітпейді.
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жанынан құрылған "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігінің өнімдері:
2022 жылы – 20 анимациялық фильм
2023 жылы – 10 анимациялық фильм
2024 жылы – 13 анимациялық фильм
Ертай Нүсіпжан, сарапшы:
Қазақ контенті тоқырау үстінде
Осы орайда сарапшылардың пікірін де сұрадым. Балалар контентін жасаумен айналысып жүрген Ертай Нүсіпжан қазақ мультфильмі мен дубляжы тоқырау үстінде дейді. Көрермен көп дүние күткенімен, студиялар халық сұранысын орындай алмай жатқанын айтады. Ал жандандыру үшін жанашырлық керек.
Ертай Нүсіпжан, сарапшы:
- Сондай бір қаражат, сондай бір ғылымды талап етпейтін дүние бұл. Бұған тек көңіл бөліну керек. Бұған жағдай жасалу керек. Біз сияқты, біздің балаларымыз сияқты. Балалардың бәрі талантты ғой. Әр баланың талантын аша білу керек. Соларға мемлекет тарапынан жанашырлық, тілге деген жанашырлықпен көңіл бөлінсе, бұл дүние өзінің жолына қойылады деп есептеймін.
Қалай десек те, мультфильм мазмұнды, балдырғандардың көкжиегін кеңейтетін, жақсылыққа үндейтін, саналы болуға тәрбиелейтін құрал болуы тиіс. Бірақ бұл істің ауыр жүгі ата-ананың мойнында. Балаңыз бар жақсылықты виртуалды әлемнен емес, сізден, сіздің жылы сөзіңіз бен жылулығыңыздан күтеді.
Кішкентай көрермендеріміздің назарын күпті контент емес, алдағы уақытта отандық мультфильмдер өзіне аудартады деп сенеміз.