Елімізде алғаш рет «Абай» монооперасы қойылды
«Астана Опера» сахнасында алғаш рет Абайдың әндерінен моноопера қойылды.
Сирек жанрға түрен салған Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шахимардан Әбілов. "Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай" моно-операсы оның көп жылғы ізденісің жемісі. Мұнда ұлы ақынның көп шырқала бермейтін 10 туындысы енген. Бұған дейін де өнер қайраткері Абай шығармаларын шет елдерде танытуға үлес қосты. Моноопера 3 бөлімнен тұрады. Данышпанның тәрбие, білім, ғылым, өнер және махаббат жайлы әндері бір сағаттан артық үзіліссіз әуелейді. Кеште сондай-ақ "Астана Опера" театрының балалар хоры өнер көрсетті.
Шахимардан Әбілов, Қазақстанның халық артисі, опера әншісі:
- Оның «Толық Адамы» үлкен ұстаздық, әлемдік деңгейі. Оған 3-ақ нәрсе керек дейді: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Оған тағы не керек дейді: білім керек дейді. Бірақ оның өзінде толық адам болмайды дейді. Оған тағы адамшылдық қасиет керек. Ол әділет, сезім махаббат кімде болса көп болса, ғалым-ғакил дейді.
Әкім Тарази атындағы зал ашылды
Елордада Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі жазушы Әкім Тарази атындағы зал ашылды. Қаламгердің шығармашылығымен енді Ұлттық кітапханада танысуға мүмкіндік бар. Салтанатты шараға әдебиеттанушылар, жастар мен абыздың өзі қатысты. Жаңа орталықта драматургтің жеке қорынан алынған заттар, фотосуреттер мен сирек қолжазбалар қойылды. Соңғы үлгіде жабдықталған зал бұдан былай болашақ ғалымдар мен кітапсүйер қауымға қызмет етпек. Әкім Тарази Ұлт руханиятын байытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның туындылары өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Жиында сондай-ақ қаламгердің 13 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Роза Мұқанова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:
- Жеке кітапханасын тапсырған кезде оған оңай болған жоқ. Себебі өмірбақи йықтасып бірге келе жатқан рухани досы кітабын біреулер алып кетіп бара жатқанда көзіне жас келді. Сол кітаптары жақсы орнын тапты ма екен. Талай рухани кеңістігін байытқан кітаптарымен жүздесіп, оқырмандарына жабдықталған жаңа кабинетін ұсынды.