Қазақстандық авторлардың әндері әлеуметтік желіден алынып тасталды
Соңғы екі-үш күннен бері қазақстандық авторлардың әндері әлеуметтік желіден алынып тасталды, деп хабарлайды 24kz.
Енді америкалық Meta корпорациясының қызметін пайдаланушылар қазақстандық авторлардың музыкасын қолдана алмай қалды. Оның себебі – Қазақстан авторлары қоғамы мен Meta арасындағы келісімшарт мерзімі аяқталған. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Бұған дейін әлеуметтік желілер платформасында қазақстандық әртістердің музыкасын пайдаланғаны үшін гонорар төленіп келген. Жаңа келісімге келетін кезде қазіргіден төмен баға ұсынылған. Осыған байланысты Қазақстан авторлары қоғамы гонорар көлемін көбейтуді талап етіп отыр. Қазір қоғамның 6 мыңға тарта мүшесі бар.
Байғали Есенәлиев, «Қазақстан авторлары қоғамы» РҚБ төрағасы:
- Олардың біздің авторлардың туындысын пайдаланғаны үшін төлейтін төлеміне келіспей отырмыз. Бұған келісетін болсақ, бірнеше жылға созылып кетеді. Сондықтан біз өз талабымызды қойып отырмыз. Жақын арада арамызда келіссөз жүріп жатыр. Пайызбен айтатын болсам, бізге Еуропа және басқа елдерден төленетіндерден 200 есе төмен төлемекші ғой. Бұл дегеніңіз, масқара ғой.