Жамбыл облысының қолөнершілеріне мемлекеттен қолдау көрсетіледі

Жамбыл облысының қолөнершілеріне мемлекеттен қолдау көрсетілетін болды, деп хабарлайды 24KZ. Облыс билігі зергерлерге шеберханасын кеңейту үшін келер жылы 8 миллион теңгеден үлестірмек. «Сол арқылы ата дәстүрді жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», – дейді жауаптылар. Ал бұл көмек қаржыны нақты кімдер ала-алады?

28 жастағы Назерке Болатбек күміс бұйымдар жасап ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Қолөнерші қыз-келіншектерге арналған бұйымды жасауды 4 жылдан бері қолға алған. Ол ескі стильдегі көркем әшекейлерді заманауи үлгіде жаңғыртады. Әсіресе ұмыт болып бара жатқан құс тұмсық, құдағи жүзік секілді сақиналарды жасап жүр.

Назерке Болатбек, зергер:

- Ағаш, тері, темір және тастарды бірге біріктіру, өте сұранысқа ие нәрсе деп ойлаймын. Тек қана зергер, метал емес, адам сызба, эскиз, нобай, сурет жағынан өте жақсы болу керек. Мына элементті осының бетіне мен қалай орнатамын, соны есептей білу керек. Көп, үлкен есепті талап етеді. Миллиметрден миллиметрге оюлар қисық болып қалса, соңында жұмысыңның асимметриясы кетіп қалады.

Назерке қазір өзі оқыған колледжде ұстаздық етіп жүр. Жас ұста: «Күмістен бұйым жасау бағыты ұлттық өнер ретінде ұмытылып бара жатыр», – дейді. Сондықтан орта оқу орнынан шеберхана ашып, шәкірт тәрбиелеп отыр.

Дина Бейбіт, колледж студенті:

- Ұстазыма қатты қызықтым, сол кісі сияқты болғым келді. Қазіргі таңда әшекейлердің көбі басқа мемлекеттерден еніп бара жатыр. Мән-мағынасы, мұрасы белгісіз, жоғалып бара жатыр. Соны біз сақтау, жаңарту арқасында дамытып жатырмыз, әсіресе осы көркем әшекейді.

Назерке алдағы уақытта шағын шеберханасын кеңейтуді көздеп отыр. Іздегенге сұраған, өңір билігі келер жылдан бастап алғаш қолөнер саласына қаржы бөлетін болды. Бірақ алғашқы жылы грантты кез келген шебер ала алмайды. Тек шеберханасы бар, тұрақты түрде өнім шығарып отырған қолөнершіге тауарын еселеу үшін беріледі.

Мөлдір Мұқтарқызы, «Тараз-Туризм» ақпараттық орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Жалпы 186 млн-ды бөліп отыр облыс әкімі. Заңды жағынан қарастырғанда 1 адамға 8 млн-нан қарастырып отырмыз. Сонда шамамен 20 қолөнершілерге жуық мүмкіндікті ала алады.

Аймақта 200-ден аса қолөнерші тіркелген. Оның басым көпшілігі – жүннен киім тігіп, тоқыма өнерімен айналысатындар. Сондықтан алдағы жылдары зергерлікті дамыту жоспарланып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.