Түркияда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

Ыстамбұлда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Тәуелсіздік күніне орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған қойылым екі күн қатарынан сахналанды. Көрермен көп жиналды. Тарих пен өнерді тоғыстырған туынды түркиялықтардың көңілінен шықты.

Опера әншілерінің өнері мен әуені. Сахналық безендіру мен заманауи технологияларды ұтымды қолдану. «Бастысы, тарих өнер тілімен ғажап көрсетілген», - дейді түріктің өнерсүйер  қауымы. Екі күндік премьерада түгел билеті сатылған драмалық операға талғампаз көрермен жоғары баға берді.

Решиде Юксел, қазақ диаспорасының өкілі:

- Қазақ ретінде мен үшін үлкен мақтаныш. Тәуелсіздік күнін осындай операмен атап өту де ерекше әсерге бөледі. Ыстамбұлдағы қазақтардың дені осында. Операның сахналануына түрткі болған екі елдің мәдениет министрліктеріне алғыс айтамын.

Салим Эзер, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі:

- Ыстамбұлда ұмытылмас кеш осымен екінші күн өтіп жатыр. Мұнда түркі әйелінің даналығы мен жан- жақтылығы көрсетілген. Алматыдан келген опера әлемдік деңгейде екен.

Адем Услу, Зейтинбурну ауданының губернаторы:

- Киімінен бастап барлық детальдары ғажап. Бір сөзбен айтқанда, «Хан Сұлтан» Ыстамбұлда жарасып тұр. Қазақтар ең көп шоғырланған аудан басшысы ретінде кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұр.

Ибрахим Жан чакыр, көрермен:

- Отбасыммен келдім және еш өкініш жоқ. Өнердің тілі мүлдем басқа ғой. Тұла бойымызбен сезініп отырдық. Тарихты опера арқылы  осылай мықты жеткізуге болады екен.

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсына арнайы тігілген 173 сахналық костюм ерекше көзге түсті. Көздің жауын алатындай көркем. Ал  балет труппасындағы бишілер әрбір детальдің жіті әзірленгенін айтады.

Гүлім Тұрсынғалиева, балет труппасының бишісі:

- Бұл жолғы «Хан Сұлтан» операсында қойылған бидің хореографиясы да бөлек. Костюмдеріміз де бөлек. Әр детальға мән берілген. Бұйымдары мен матасына. Бұл костюмде біз өзімізді ерекше сезінеміз. Керемет өтті.

Опералық қойылым дайындау көп еңбекті талап етеді. Киім, шаш үлгісі мен бетті әрлеуден бөлек әрбір солистің дауысы әрқашан бабында болуы қажет. Сондықтан оларға жүктелген міндет өте жоғары. Талап та қатаң.

Мақсат Саматов, театр солисі:

- «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсында негізгі Жошы ханның жасы шамамен 40 жаста. Мен өзім жас болғандықтан, жас жағын үлкендік жасты көрсету қиын болды. Ал, вокалдық тұрғыдан орындау жағынан менің вокалыма өте ыңғайлы. Өзіме қатты ұнады. Осы рөлді ұсынған кезде бірден қуана-қуана алып, кірісіп кеттік.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы өнер ұжымын арнайы медальдармен марапаттап, құрмет көрсетті. Түркі әлемінің түп тамыры Алтын Орданың тарихы туралы опера туыстас жұрт арасындағы ынтымақты нығайта түсері анық.

Авторы: Меруерт Қанағат