Димаш испаниялықтардың қазақ тіліне құштарлығын оятты

Димаштың Испаниядағы тыңдармандары өз туған жерлерін қазақ тілінде таныстырып, әлеуметтік желіге видео жүктеді.

Испанияда «Ла Гран Воз Казаха» яғни «Қазақтың ғажап дауысы» деп аталатын ұйым өкілдері Барселона, Бургос, Джирона секілді қалалардың көрікті жерлерін қазақ тілінде сипаттап, Димаш пен Қазақстанға ыстық ықыластарын білдірді. Топ мүшелерінің бәрі ана тілімізді жетік меңгеріп алуды қалайды. Осы мақсатта Испаниядағы Қазақстан елшілігіне өтініш білдіріп, тегін онлайн курс ашқызып алған. Онда түрлі қосымшалар мен қазақ тілді басылымдарды оқып, телеарналардан отандық бағдарламаларды көреді. Қазір қатысушылар Димаштың орындаған қазақ әндерін испан тіліне бейімдеумен айналысып жүр. Болашақта екі елдің қарым-қатынасын жандандыруға үлес қоссақ дейді.

Йоланда Гарсия, қазақ тілін үйренуші:

- Айналамдағы адамдар да қазақ тілін не үшін үйреніп жүргенімді жиі сұрайды. Мұның бірінші себебі Димаш. Оның әндерін түсініп ғана қоймай, өзім де қосылып орындағым келеді. Одан кейін тіл үйрену мидың сергектігіне жақсы. Үшіншіден, Астанадағы Дүниежүізілік көшпенділер ойынына барғанымда қазақ елінің бай мәдениетін көріп қатты қызықтым. Алдағы уақытта сіздердің елдеріңізге тағы саяхаттамамақпын. Сол кезде қазақтармен қазақша сөйлессем деймін.

Эстер Сота, қазақ тілін үйренуші:

- Мен қазақ тілін қазір онлайн үйреніп жүрмін. Бізге оны Қазақстанның Испаниядағы елшілігі ұйымдастырып отыр. Аптасына бір рет Сандуғаш есімді мұғалімнен сабақ аламыз. Одан соң Аргентинадағы Қазақ мәдениет орталығының жетекшісі Ирина Вагнерден тіл сабақтарын алып жүрмін. Қазақ тілін аптасына бес күн бір сағаттан оқимын. Қазір Димаш пен қазақстандықтарды Испанияға шақыру үшін осылай қазақ тілінде видео түсіруді қолға алдық. Испанияға келіңіздер!