Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толды

«Күміс қоңырау» шығармасы қазақ балалар әдебиетінің классикасына айналды.

Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов Қадыр Мырза Әлі шығармасы хақында осылай дейді. Бүгін Сөз сүлейінің туғанына 90 жыл толды. Халық жазушысының есімі мен шығармаларын қазақ жұрты кеңінен насихаттап келеді.

Қадыр дауысы:

- Менің көзімнің жеткені - мың жерден пайғамбар болсаң да халықтан үлкен емессің... 

Балалық шағы аштық, соғыс, саяси қуғын-сүргін жылдарымен тұспа-тұс келген қаламгер тағдыр тауқыметін көріп өсті. Алайда білімнен бір сәт қол үзген емес, дейді көз көргендер. Педагогикалық институт қабырғасында жүріп-ақ оның шығармалары елге таныла бастады. 

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, халық артисі:

- Қадырмен мен алғаш танысқаным, мен оның шығармасы арқылы "Ой орманы", бірінші шыққан. Соны біз Райымбек екеуміз оқып, таңқалып, жақсы шығарма екен деп. Райымбек содан дереу Қадырды іздеп, тауып алып, танысып студент кезімізде. Қадырмен жүрудің өзі бақыт. Қадырдың шығармасы арқылы көп нәрсені, поэзияның не екенін ұқтық.

Қадыр Мырза Әлінің жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді. Оралда халық жазушысына арналған мәдениет және өнер ордасы жұмыс істейді. Онда қаламгердің барлық жинағы, өзі қолданған бұйымдар мен естелік жазбалары сыр шертіп тұр. 

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Ақын ретінде өмірінің соңына дейін қазақ поэзиясына үлесін қосып келген ақын. Оның көзі тірісінде 18 томдық шығармалар жинағы шықты. 18 томның жартысынан көбі поэзия, сосын аудармалар. Сонымен бірге оның "Иірім", "Жазмыш" деген 2 прозалық шығармасы кірді. Балаларға арналған шығармалары болды. Соның ішінде "Күміс қоңырауды" бөліп айту керек. Бұл "Күміс қоңырау" қазақ балалар әдебиетінің классикасы болып қабылданды.

Ал әнге арнап жазылған өлеңдері екі жүзден асты. Олар «Күндер-ай» атты жинақ болып бөлек басылып шықты. Сонымен қатар «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» сатиралық комедиялары, «Жаралы жолбарыс», «Әмір-Темір» драмалық шығармаларының да шоқтығы биік.

Илья Жақанов, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Қадырдың бүкіл поэзиясы қандай жанрда жазылса да, барлығы Қадырдың терең сезімі, ойы биік, осындай болмысын ерекше жарқыратып көрсетеді, Абайға қалай айтсам ойшыл деп, Қадыр сондай ойшыл, философ ақын.

Қадыр шығармалары шет тілдеріне де аударылып жатыр. Оның рухани қазынасы әлем әдебиетінің де қорын байыта түсті, дейді зиялы қауым өкілдері.

Еркебұлан Смадияров